Қытай университетімен ынтымақтастық орнатылды

2025 жылғы 22 қыркүйекте Алматы қаласында «Қытай – Қазақстан ЖОО ректорлар форумы» өтті. Форумға Қытайдың Сычуань провинциясының үздік төрт университеті және Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындары қатысты.

Форум аясында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті мен Қытай халық республикасының Сычуань университеті арасында ынтымақтыстық туралы меморандумға қол қойылды.

Жетісу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ермек Әбілтайұлы Бөрібаев пен Сычуань мемлекеттік университетінің ректоры Чжао Гохуа бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу, студенттер мен оқытушылар арасында академиялық алмасу, ортақ ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру мәселелерін талқыланды.

Ермек Әбілтайұлы бұл ынтымақтастық екі елдің арасында орнаған және жыл сайын нығайып келе жатқан достық қарым-қатынастың жалғасы екенін және білім мен ғылымды бірлесіп дамытуға басымдық берілетінін атап өтті.

Өз кезегінде Сычуань университетінің Ректоры Чжао Гохуа мырза меморандум аясында болашақ мамандарды даярлауда, ғылым саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және қазақстандық студенттерді қолдап, оқу гранттарын бөлуге дайын екенін жеткізді.

1896 жылы құрылған Сычуань университеті бүгінде Қытайдың үздік 30 ЖОО-ның қатарына кіреді. Университетте 55 мыңнан астам студент, 5 мыңнан астам профессорлық-оқытушы білім алып, еңбек етуде.

Сычуань университеті математика, жаратылыстану, IT-технологиялар, педагогика бағыттары бойынша бакалавр, магистратура мен докторантура бағдарламалары бойынша мамандарды даярлайды. Сонымен қатар жыл сайын Орта Азия елдерінің студенттеріне 150-ге жуық оқу гранттарын тағайындайды.

#SDG #ЦУР #ТДМ