Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің BR24993150 «Мүмкіндігі шектеулі білім алушыларды бейін алды даярлауға психологиялық-педагогикалық қолдауды ұйымдастыру» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Мүмкіндігі шектеулі адамдарды интеграциялау және әлеуметтік бейімдеу үрдістері мен перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шараға инклюзивті және арнайы білім беру саласындағы педагог қызметкерлер мен мамандарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің Базалық ұйымының Қоғамдық кеңесі, халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдері, инклюзивті, арнайы, кәсіптік-техникалық және жоғары білім беру, қосымша білім беру ұйымдарының басшылары мен педагог қызметкерлері, білім беру басқармасы органдарының басшылары мен мамандары, мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін ұйымдардың өкілдері, докторанттар, магистранттар, студенттер және т.б. қатысты.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты пәнаралық және халықаралық диалог арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдардың әлеуметтік бейімделуі мен инклюзивті білім беру ортасын дамытуға ықпал ету болды.
Іс-шараның ашылуында қатысушыларға И. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма мүшесі — ғылыми жұмыс және интернационалдандыру жөніндегі проректор А.С. Бахтаулова құттықтау сөз жолдады.
«Түзету педагогикасы институты» ФМБҒМ директоры, «Сириус» университетінің когнитивтік зерттеулер ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі, п.ғ.д., академик Т.А. Соловьева, «Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университеті» БМ инклюзивті білім беру Институтының директоры, п.ғ.д., профессор В.В. Хитрюк, А. И. Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университетінің білім беру қызметі жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Л.М. Кобрина, «ӘБЕО орталығы» ЖШС бас директоры, п.ғ.д., профессор Р.А. Сулейменова, п.ғ.д., профессор З.А. Мовкебаева, «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ директоры, қауымдастырылған профессор, PhD Л.А. Бутабаева, Ы. Алтынсарин атындағы БҰА өкілдері және т.б. баяндама жасады.
Дөңгелек үстел барысында инклюзивті және арнайы білім беру жүйесін дамытудың; оқудан еңбекке көшу кезеңінде мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеу мәселелері; мүмкіндігі шектеулі білім алушыларды бейіналды даярлаудың халықаралық және қазақстандық тәжірибесі; мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы және инклюзивті білім беруді жүзеге асыруға педагог кадрларды даярлау мәселелері талқыланды.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар инклюзивті саясатты дамытуға, ведомствоаралық өзара әрекеттестікті жетілдіруге және мүмкіндігі шектеулі адамдардың білімге, еңбекке және әлеуметтік бейімделуге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстарымен резолюция қабылдады.
Іс-шараны ұйымдастырушылар осындай кездесулер әр азаматы физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан, лайықты өмір сүруге және өмірге белсенді қатысуға құқылы болатын инклюзивті және әділетті қоғам қалыптастыруға ықпал ететініне сенім білдірді.









