




Наталья Борсенко атындағы арнайы грант иегері анықталды!
Көктем мезгілінде ҚР Құрметті журналисі, Талдықорған қаласының Құрметті азаматы, облыстық «Жетісу» телеарнасының негізін қалаушы Наталья Борсенконы еске алу кеші өткен.
Сол кеште марқұмның ұлы Максим Ноженко жетісулық талантты жасқа І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде журналистика мамандығында оқу үшін анасының атындағы арнайы білім грантын ұсынатынын айтып, сертификат табыстаған болатын.
Бүгін университет ректоры Ермек Бөрібаев салтанатты түрде атаулы білім грантын Аяжан Мұратханға табыстады. Грант иегері байқау негізінде, оқу үлгерімі үздік, шығармашылық қабілеті жоғары әрі қоғамдық өмірге белсенді араласып жүрген жастар арасынан анықталды. Бұл грант — көпбалалы отбасынан шыққан, жақында анасынан айырылған Аяжанға моральдық әрі материалдық қолдау болып отыр. Бала кезінен журналист болуды армандаған Аяжан асқақ арманына қол жеткізуге себепші болған Максим Ноженкоға алғысын білдірді.
«Мен Жетісу университеті Гуманитарлық факультетінің журналистика мамандығына түскеніме өте қуаныштымын. Өмірімнің қиын кезеңінде маған қолдау білдіріп, республикаға танымал журналист болған Наталья Борсенко атындағы арнайы грантты ұсынуы үлкен демеу болды. Алдағы уақытта озық студент болып, сенімдеріңізді ақтауға, жақсы маман болуға тырысамын. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік»-дейді Аяжан Мұратхан.
Ал грант ұсынушы, меценат Максим Ноженко бұл игілікті ісін, есеп беру үшін емес анасының рухы шат болу үшін жасағанын айтады.
#SDG #ТДМ #ЦУР

