ЖУ ғалымдары Дүниежүзілік конгреске қатысты

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің өкілдері 15–17 қазан аралығында Алматы қаласында өтіп жатқан инклюзивті білім беру жөніндегі алғашқы Дүниежүзілік — World Inclusion Congress (WIC 2025) конгресіне қатысты.

Ауқымды шараға әлемнің 51 елінен 1500-ден астам адам: мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, ғылыми қауымдастық мүшелері, халықаралық ұйымдар, педагогтар, сарапшылар және инклюзивті білім беру саласының көшбасшылары жиналды. Қазақстан атынан қатысушылардың ішінде білім беру саласындағы инклюзивті ортаны дамыту мәселелерін талқылауға елеулі үлес қосқан І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушылары да бар.

Конгресте Жетісу университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Зульфия Мовкебаева баяндама жасады. Оның баяндамасы қазақстандық басқа жоғары оқу орындарының арасынан бірінші болып ұсынылып, ғылыми сессияны ашты.

Профессор З.Мовкебаева ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруындағы «BR24993150 Шектеулі мүмкіндіктері бар оқушылардың бейіналды дайындығына психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуді ұйымдастыру» тақырыбы бойынша жүргізілген ғылыми зерттеу нәтижелерін және тәжірибелік қорытындыларын ұсынды. Оның «Мектептен мамандыққа: мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған бейіналды стратегиялар» атты баяндамасы қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Жетісу университеті ғалымдарының мұндай ауқымды халықаралық іс-шараға қатысуы университеттің ғылыми беделін әлемдік деңгейде нығайтып қана қоймай, елімізде инклюзивті білім беруді дамыту жолындағы маңызды қадам болды. Секциялар жұмысы мен ғылыми пікірталастар барысында тәжірибе алмасу, шетелдік әріптестермен кәсіби байланыс орнату жаңа халықаралық серіктестіктерге және ғылыми жобаларға жол ашты. Инклюзивті тәжірибелерді жетілдірудің өзге де бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

#SDG #ЦУР #ТДМ