«Тағамдық химия жөніндегі 4-ші конференция: 2025 жылға дейінгі жаһандық азық-түлік жүйелерінің өзгеруі»

Жетісу университетінің ғалымдары 13-16 қазан аралығында Шотландиядағы Глазго қаласында өткен халықаралық «Тағамдық химия жөніндегі 4-ші конференция: 2025 жылға дейінгі жаһандық азық-түлік жүйелерінің өзгеруі» (4th Food Chemistry Conference: Reshaping Global Food Systems) конференциясына қатысты.

Elsevier компаниясының ұйымдастырумен өткен конференцияға Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Жаңа Зеландия, Австралия, Италия, Испания, Португалия, Австрия, Франция, Германия, Швейцария, Нидерланды, Норвегия, Бельгия, Дания, Польша, Венгрия, Грекия, Чехия, Түркия, БАӘ, Оман, Сауд Арабиясы, Жапония, Корея, Қытай, Малайзия, Индонезия, Филиппин, Тайланд, Үндістан, Пәкістан, Оңтүстік Африка, Алжир, Нигерия, Кения, Мексика, Бразилия, Чили, Перу, Уругвай, Эквадор және т.б. елдерден журнал редакторлары, ғалымдар, корпоративтік зерттеулер мен әзірлемелер бойынша мамандар және жабдықтар мен қызметтерді әзірлеушілер/жеткізушілер, әр түрлі компаниялар өкілдері жиналды.

Қазақстан және жалпы Орта Азия атынан бұл беделді конференцияға Жетісу университетінің постдокторанты, PhD Хамитова Гүлжан Түймебаевна мен Ғылым және коммерцияландыру департаментінің директоры, постдокторант жетекшісі, PhD, қауымдастырылған профессор Карашолакова Лаззат Наушабаевна мен қатысты. Ғалымдарымыз халықаралық ғылыми қауымдастық назарына АР22685366 «Балдың құрамын химиялық талдау және географиялық тегін саралау» (ғылыми жетекші Г.Хамитова) жобасы аясында алынған зерттеу нәтижелерін постерлік баяндама түрінде ұсынып, таныстырды.

Конференция жұмысы келесі негізгі секциялар бойынша өтті:

1. Инновациялық қайта өңдеу және тұрақты валоризация

2. Қоректік заттар, биобелсенді компоненттер және басқа да жаңа компоненттер

3. Тұрақты даму әдістері мен технологиялары

4. Азық-түлік саласындағы үлкен деректер, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар

Конференция нәтижесі бойынша таңдаулы мақалалар Food Chemistry журналдарында арнайы шығарылымда жарияланатын болады.

Жетісу университеті ғалымдарының халықаралық ғылыми алаңдарда белсенді қатысуы — отандық ғылымның дамуына және Қазақстанның ғылыми беделін арттыруға қосқан маңызды үлес болып табылады. Ал конференция барысында алынған пікірлер мен сын-ескертпелер зерттеу жұмысының сапасын арттырып, оның халықаралық деңгейге шығуына ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай кездесулер халықаралық зерттеушілерімен тәжірибе алмасуға, жаңа идеялар алуға, жаңа серіктестер табуға, бірлескен жобалар жасауға және шетелдік ғылыми желілерге қосылуға жол ашады.

https://www.elsevier.com/events/conferences/all/food-chemistry-conference

#FoodChem2025 #FoodChemistry