














Бүгін І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Мектепке дейінгі ұйымда инклюзивті білім беруді педагогикалық сүйемелдеу» ресурс орталығы ашылды.
Аталған орталық Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы бойынша AP23488199 – «Инклюзивті білім беру жағдайында болашақ мектепке дейінгі ұйым педагогтерін кәсіби қызметке даярлау» (2024–2026 жж.) ғылыми және ғылыми-техникалық жобасы аясында жүзеге асты.
Орталықтың мақсаты – болашақ педагогтарды кәсіби қолдау, педагогтер мен тәрбиешілерге инклюзивті білім беру бойынша әдістемелік, психологиялық және практикалық көмек көрсету.
«Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білімге қолжетімділігін арттыруға бағытталған мұндай орталықтардың ашылуы – қоғам үшін маңызды қадам. Облысымыздағы мектепке дейінгі мекемелермен бірлесе отырып, инклюзивті білім беруді дамыту ісінде тиімді ынтымақтастық орнатамыз деп сенемін», – деді орталықтың ашылу салтанатында Басқарма төрағасы – ректор Ермек Бөрібаев.
Салтанатты жиынға Талдықорған қаласындағы №42 балабақшасының меңгерушісі Сандуғаш Сейілгазинова, №1 облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация басшысы Балжан Оналбекова, сондай-ақ №1 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің басшысы Айман Ахметсапақызы қатысты.
«Жетісу университетімен бірлесе отырып, мектепке дейінгі ұйымда инклюзивті білім беруді дамытуға атсалысамыз. Сіздер теориялық негізін қаласаңыздар, біз оны тәжірибе жүзінде іске асырамыз», – деді №42 балабақша басшысы Сандуғаш Сейілгазинова.
#SDG #ЦУР #ТДМ

