АҚПАРАТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ ОРТАСЫ ЖАҒДАЙЫНДА ЖҰМЫС ІСТЕУ ҮШІН БОЛАШАҚ ФИЗИКА МҰҒАЛІМДЕРІН ДАЯРЛАУДЫҢ БОЛАШАҒЫ

«Ақпараттық білім беру ортасы жағдайында жұмыс істеу үшін болашақ физика мұғалімдерін даярлауды жетілдіру» гранттық қаржыландыру жобасын (ЖТН AP22683901) іске асыру аясында оқытушы-дәріскер Ә.Б.Абдулаева мен п.ғ.к., қауымдастырылған профессор (доцент) Н.Ж.Жанатбекова 2025 жылғы 31 қазан күні физика-математика факультетінде «Ақпараттық білім беру ортасы жағдайында жұмыс істеу үшін болашақ физика мұғалімдерін даярлаудың болашағы» тақырыбында форсайт-семинар өткізді.

Семинарға Жетісу облысының жалпы білім беретін мектептерінің физика пәні мұғалімдері, 6В01503 – Физика білім беру бағдарламасы бойынша оқитын 4 курс студенттері, сонымен қатар физика және математика кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Семинардың мақсаты – ақпараттық білім беру ортасы жағдайында тиімді кәсіби қызметті жүзеге асыра алатын физика мұғалімдерін даярлау жүйесін дамыту бағыттары мен басымдықтарын айқындау.

Іс-шараның бірінші бөлігінде ақпараттық білім ортасы мүмкіндіктерін физика сабақтарында қолданудың нақты мысалдары қарастырылса, екінші бөлігінде «Физиканы оқытудың болашағы» атты форсайт сессиясы ұйымдастырылды.

Семинар қатысушылары физиканы оқытудағы жаңа технологиялық үрдістерді талқылап, заманауи мұғалімнің рөлін қарастырды, ақпараттық білім беру ортасы мүмкіндіктерін қолдану тенденцияларының болашақтағы физиканы оқытуға әсерін талдап, білім беру сапасын арттырудың тиімді тәсілдерімен бөлісті.