Физика-математика факультеті, Информатика және білімді цифрландыру кафедрасының оқытушы-дәріскерлері Н.Ермекова мен А.Есейқызы, 7-ші қараша 2025 жылы, 2,3 курс білімгерлері, ИҚ211(IP), МИҚ211, ИҚ311 топтарымен «Заң мен ар-өмірдің өлшемі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Шара барысында ИҚ211(IP) тобының студенттері Тұрсынқан Асылжан мен Ержан Қарақат «Заң мен тәртіп» тақырыбында презентация қорғап, қоғамдағы заңның рөлі мен тәртіп сақтау мәдениетіне тоқталды. Презентацияда құқықтық нормалардың адам өміріндегі маңызы мен ар-ожданның өзара байланысы жан-жақты ашылып көрсетілді. Сонымен қатар бейнероликтер көрсетілді, онда заңды сақтау, азаматтық жауапкершілік және eGov электрондық үкімет порталының «Заң мен тәртіп» бөлімі таныстырылды. Бұл бөлімнің халыққа қызмет көрсету мен құқықтық ақпарат алуды жеңілдететіні айтылды. Білімгерлер арасында белсенді талқылау жүргізіліп, келесі сұрақтар ұсынылды:
- «Заң» мен «ар» ұғымдарының айырмашылығы мен байланысы неде?
- Заңсыз қоғам өмір сүре ала ма?
- Адам заңды бұзбай-ақ арға қайшы іс жасай ала ма?
- Ар-ождан мен әділдік адамның мінез-құлқына қалай әсер етеді?
- Қазіргі қоғамда ар-ұяттың рөлі әлсіреп бара жатыр ма?
- Қазақ халқының дәстүрлі құқықтық нормаларында ар мен заң қалай үйлескен?
Студенттер бұл сұрақтарды ескере отырып, өз ойларын ортаға салды. Қорытындылай келе студенттер заң мен ардың адам өміріндегі маңызын түсініп, құқықтық мәдениеттің қоғамның тұрақтылығы мен әділдігі үшін қажет екенін ұғынды.




