CyberScholar веб-қосымшасының пилоттық апробациясы әлемнің Топ 50 үздік университеттерінің қатарындағы   Иллинойс Урбана-Шампейн университетімен (АҚШ) бірлесе өтті

2025 жылғы 14 қарашада І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Huawei АКТ академиясында AP25794537 “Жасанды интеллект тілдік емес мамандықтар студенттерінің академиялық ағылшын тілін меңгерудегі көмекшісі ретінде: рандомизацияланған зерттеу” атты ғылыми жобасы аясында CyberScholar веб-қосымшасының пилоттық апробациясы өтті. Іс-шараға АҚШ-тың Иллинойс Урбана–Шампейн университетінің (UIUC) зерттеушісі, PhD Vania Castro арнайы қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті.

Әлемнің ең үздік 50 университетінің және Research санаты бойынша ең үздік 20 оқу орнының қатарына кіретін UIUC жасанды интеллект пен цифрлық білім беру саласындағы беделді ғылыми орталықтардың бірі болып саналады.

Пилоттық эксперимент барысында білім алушылар CyberScholar платформасына өздерінің ағылшын тіліндегі эсселерін жүктеп, веб-қосымшаға кіріктірілген жасанды интеллекттен нақты әрі жедел кері байланыс алды. Студенттер ұсыныстарға сәйкес жұмыстарын қайта өңдеп, жаңартылған нұсқасын қайта жүктеп, критериалды бағалау негізінде жұлдызша түрінде баға алды. Зерттеушілер студенттердің прогресін салыстыру арқылы қосымшаның тиімділігін бағалайды.

CyberScholar платформасы бұған дейін АҚШ-тың алты штатында жоғары сынып оқушыларымен сәтті апробациядан өткен. Қазіргі уақытта жобаның географиясы кеңейіп, Бразилия, Тайвань және Қазақстанда іске асырылуда.

Жоба жетекшісі – PhD Райгүл Серікқызы Желдибаева, Иллинойс университетінің EPOL факультетінің зерттеуші-аффилияты. Бұған дейін жас ғалым «500 ғалым» бағдарламасы аясында бір оқу жылын UIUC университетінде өткізіп, нәтижелі зерттеулер жүргізді. Сондай-ақ UIUC профессорларымен бірлесе жоғары рейтингі бар халықаралық ғылыми журналдарда бірнеше мақаласы жарияланды.

Берілген ғылыми жобаның сәтті жүзеге асырылуы Қазақстандағы жасанды интеллектті білім беру үдерісіне тиімді интеграциялау жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып отыр.

#SDG #ЦУР #ТДМ