2025 жылдың 6 қарашасында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Гуманитарлық факультетінде өткен «Тарих – өткенге сабақ, болашаққа өнеге» атты Тарих апталығы аясында ерекше форматтағы шара – TED TALK үлгісіндегі пікірталас өтті. Шараны Тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы мен «Тарих» білім беру бағдарламасының студенттері бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – студенттердің ғылыми көзқарасын кеңейту, тарих ғылымындағы жаңа идеялар мен зерттеу тәсілдері туралы еркін пікір алмасу болды.
TED TALK форматындағы кездесуде қатысушылар тарих ғылымындағы заманауи бағыттар, цифрлық гуманитаристика, жасанды интеллектіні тарихи зерттеулерде қолдану, сондай-ақ ұлттық тарихты интерпретациялаудағы жаңа көзқарастар жөнінде өз ойларымен бөлісті.
Шарада студенттер қысқа әрі мазмұнды баяндамалар жасап, өз идеяларын сенімді түрде жеткізді. Кафедра оқытушылары олардың аналитикалық ойлау қабілеті мен шығармашылық ұстанымдарын жоғары бағалады.
TED TALK форматындағы мұндай басқосулар студенттердің ғылыми қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың кәсіби сөйлеу мәдениетін, сыни ойлау және өз ойын еркін жеткізу дағдыларын дамытуға зор мүмкіндік берді.



