










2025 жылы 17 қарашада І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Ректоры Ермек Бөрібаев бастаған делегация Марке политехникалық университетіне (UNIVPM) ресми іссапармен барды. Бірінші күні ауылшаруашылық фаультетінің деканы профессор Давиде Нери, қосдипломдық бағдарлама координаторы Бруно Меззетти, Ауылшаруашылық ғылымдар мен технологиялары білім беру бағдарламаларының координаторы, профессор Франческо Солфанелли және халықаралық қатынастар офисының маманы Алессандра Андрескианимен кездесу болды.
Екі жоғары оқу орны байланысының бұл кезеңі нақты сұрақтарды шешуге бағытталды. Соның ішінде қос дипломды бағдарламалар санын көбейту, Жетісу университеті студенттерінің Италияндық университетте оқу процесін тиімді ұйымдастыру және профессорлық құрамның бірлескен ғылыми жобаларын жүзеге асыру мәселелері бар.
Жоспарға сәйкес келесі оқу жылында Жетісу университетінің студенттері UNIVPM университетінде соңғы курстарын оқып, емтихан тапсырып, практикалық базада тәжірибеден өтіп, қос диплом алатын алғашқы лек болмақ. Бұл, өз кезегінде, екі университетке ортақ магистратура бағдарламаларын ашуға септігін тигізеді.
UNIVPM ауылшаруашылық саласының болашағын нақты ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне негіздеп, білім беру бағдарламаларын нарықтың сұранысына сай жұмыс берушілермен бірлесіп мамандарды даярлауды қолға алған. Биотехнология, инженерия, геномика, жасанды интеллект курстарын шетелдік университетте меңгерту қарастырылған. Бұл тәжірибе Жетісу университетіне өте маңызды. Себебі, университеттің басты миссиясы — Жетісу өңірі мен елімізге қажетті бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау. UNIVPM қазіргі таңда қос дипломды ауылшаруашылық бағдарламаларын Франция, Венгрия және Хорватия мемлекеттерімен бірлесіп жүзеге асырады.
Сонымен қатар, делегация мүшелері UNIVPM эксперименталды фермасына барып, жемістер мен дақылдарды өсіру жұмыстарында қолданылатын заманауи технологиялық жетістіктермен танысты. Ерекше назар аударатын жәйт, университет лабораториясында бастауын алған 300-ге жуық жемістің генотипі сақталып, осы фермада өсіріледі. Марке политехникалық университеті Жетісу университетімен академиялық салада достық қарым-қатынасты нығайтуға дайын екенін жеткізді.
#SDG #ЦУР #ТДМ













