














І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті, Жетісу облысының прокуратурасы және университет ұжымының қатысуымен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында кеңейтілген кездесу өтті.
Іс-шараға университет қызметкерлері, профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты.
Кездесуді әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректор Болат Сериев ашып, шараның қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталғанын атап өтті.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Манап Қобылан «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында құқықтық мәдениетті нығайту жолдары, лудоманияның қаупі, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызметте әдеп нормаларын сақтау мәселелері бойынша баяндама жасады. Сонымен қатар, Манап Тоқбергенұлы мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ашықтық пен адалдық принциптерінің маңызын атап өтіп, студенттерге мемлекеттік қызметке тұру тәртібі мен мүмкіндіктері жөнінде ақпарат берді.
Құқық және экономика факультетінің деканы Ғалым Телеуев құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша арнайы презентация ұсынып, жастар арасында жиі кездесетін мәселелерге тоқталды. Декан өз сөзінде алаяқтықтың жаңа формалары мен одан сақтану жолдарын, сондай-ақ лудоманияның әлеуметтік және құқықтық салдарын нақты факторлар мен статистикалық деректер негізінде түсіндірді.
Іс-шара соңында қатысушылар спикерлерге сұрақтар қойып, пікір алмасты.
#SDG #ЦУР #ТДМ

