










Бүгін І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Аграрлық-өнеркәсіптік кешенде Data-Driven шешімдер қабылдау: практикалық кейстер» атты форсайт-конференция өтті.
Жиынға шетелдік және отандық ауыл шаруашылығы саласының жетекші ғалымдары, фермер қожалықтарының басшылары, агросектор мамандары, БАҚ өкілдері, студенттер қатысты.
Халықаралық дәрежедегі спикерлер заманауи агротехнологиялар, өсімдік ауруларын тұрақты басқару, геномика және ауыл шаруашылығындағы цифрлық инновациялар жөнінде тұшымды баяндамалар жасады. Мәселен, Марке политехникалық университетінің (Италия) ауыл шаруашылығы, азық-түлік және қоршаған орта саласының докторы Simone Piancatelli негізгі заттар мен табиғи қосылыстарды қолдана отырып, өсімдік ауруларын тұрақты басқару әдістері жөнінде кең көлемді ақпарат берді.
Ал CIMMYT және Шаньдун ауылшаруашылық университетінің бірлескен зерттеу орталығының өкілі (Қытай, Тайань), PhD Rasheed Awais тағамдық сапасы жоғары әрі адам денсаулығына пайдалы бидай геномикасының жаңа бағыттарын таныстырды.
Сондай-ақ, отандық ғалымдар да агросектордың өзекті мәселелерін жан-жақты талқылады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Биология және биотехнология факультетінің деканы, б.ғ.д., профессор Меруерт Құрманбаева, сондай-ақ Жаратылыстану-техникалық факультетінің Экология және ауылшаруашылығы ғылымдары кафедрасының оқытушысы, PhD Әйгерім Бәкірова өсімдіктердегі стресс физиологиясы және экзогенді өңдеулер арқылы төзімділікті арттыру жолдары туралы тұшымды баяндама жасады.
Сонымен қатар, Физика-математика факультеті Робототехника және мехатроника зертханасының бағдарламалық жасақтама инженері, магистр Ахмет Қыдырәлі агроөнеркәсіптік кешендегі заманауи цифрлық шешімдердің бірі – AgroDron технологиясының қолдану перспективаларын көрсетті.
Шара барысында Жетісу облысының фермерлер одағының басшысы Асқар Шәріпов еліміз бойынша 75%-дан астам жердің тозу деңгейі жоғары екенін атап өтіп, мұндай практикалық конференциялардың агросектор үшін маңызы зор екенін ерекше айтты.
Форсайт-конференция агросектордағы жаңа технологияларды дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға серпін берді.
#SDG #ЦУР #ТДМ









