AI-Sana бағдарламасы

AI-Sana бағдарламасы және жасанды интеллектінің білім берудегі рөлі

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Гуманитарлық факультетінде ШТҚ-311 және ШТҚ-313 топ студенттерімен «AI-Sana бағдарламасы және жасанды интеллекттің білім берудегі рөлі» тақырыбында тәрбие сағаты өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттерге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске қосылған AI-Sana ұлттық бағдарламасының мәні мен маңызын түсіндіру, жасанды интеллект технологияларының қазіргі қоғамдағы орны мен білім беру саласына ықпалын таныстыру болды.

Тәрбие сағаты барысында студенттерге AI-Sana бағдарламасының 2024 жылдың желтоқсанында іске қосылғаны, оның елде жасанды интеллект саласында жоғары білікті мамандар даярлауға және ұлттық AI экожүйесін дамытуға бағытталғаны түсіндірілді. Сонымен қатар, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің аталған бағдарлама аясында қол жеткізген нәтижелері — 5400 білім алушының халықаралық платформалар арқылы ЖИ курстарынан өтіп сертификат алуы және 2025 жылы іске қосылатын бес ЖИ-агент туралы ақпараттар таныстырылды.

Студенттер жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін, білім беру процесіндегі тиімділігін, болашақ мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін арттырудағы рөлін талқылап, AI-Sana бағдарламасының жастарға беретін жаңа мүмкіндіктері туралы өз ойларымен бөлісті. Іс-шара пікірталас формасында өтті,  қатысушылардың саналы көзқарасын дамытуға, цифрлық сауаттылық пен технологияны жауапкершілікпен қолдану дағдыларын нығайтуға ықпал етті.

Тәрбие сағатының қорытындысында студенттер AI-Sana бағдарламасының еліміздің білім беру жүйесін жаңғыртудағы стратегиялық рөлін атап өтіп, болашақ маман ретінде цифрлық трансформацияға белсенді қатысу қажеттігін жеткізді.