


2025 жылғы 14-25 желтоқсан аралығында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Назгүл Байғабатова және оқытушы-дәріскер, философия докторы (PhD) Мирас Абдрахим Ұлыбританияның Оксфорд университетінде ғылыми тағылымдамадан өтуде.
Аталған іссапар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті қаржыландыратын ЖТН AP26197965 «Посткеңестік Қазақстандағы этникалық репатрианттардың күнделікті өмірі: бейімделу стратегиялары мен интеграциялық тәжірибелері (Жетісу облысының мысалында)» ғылыми жоба аясында жүзеге асырылып отыр.
Тағылымдама барысында Оксфорд университетінің жетекші ғалымдарымен ғылыми кеңес алу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, профессор Александер Моррисонмен зерттеу мәселесінің тарихи контексі мен салыстырмалы-тарихи талдау бағыттары бойынша пікір алмасу орын алды. Университетке қарасты Көші-қон, саясат және қоғамды зерттеу орталығының (COMPAS) профессоры Мэдлин Ривз заманауи миграциялық процестер және репатриацияның теориялық модельдерін талдау бойынша құнды ғылыми кеңестер берді.
Сонымен қатар, Жетісу ғалымдары Оксфорд университетінің Бодлиан кітапханасында жоба тақырыбына қатысты шетелдік соңғы ғылыми жарияланымдар, теориялық-әдістемелік тәсілдер мен тұжырымдар бойынша материалдар жинақтауда.
#SDG #ЦУР #ТДМ




