«Жасыл хакатон – 2026» өз мәресіне жетті

Бүгін Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында студенттер арасында өткен «Жасыл хакатон – 2026» экологиялық инновациялық идеялар байқауы өз мәресіне жетті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл байқау жастардың қоршаған ортаны қорғауға бағытталған тың жобаларын қолдауды мақсат етеді.

Хакатонға «Грин сайкл», «Экобэлэнс», «Эколоу», «Стар», Жансүгіров колледжінің командасы, «Грин хакерс», «Байоуолл тим», «Ворлд дестройер», «Жасыл білім», «Экодизайн», «Экобэнк», «Квантум лип», «ThePlastiCycle» сынды барлығы 13 команда қатысып, өз жобаларын қорғады.

Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректор Болат Сериев еліміздің болашағы табиғатқа жанашыр, экологиялық санасы жоғары жастардың қолында екенін атап өтті.

Байқау жұмысына қазылық еткендер қатарында Жаратылыстану-техникалық факультетінің деканы, техника ғылымдарының докторы Ерлан Андасбаев, Жетісу облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Азамат Тауырбеков, Жастар саясаты және әлеуметтік даму бөлімінің психологы Гульнара Исламжанова, Экология және ауылшаруашылық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Жамбыл Қанағатов, Процестерді цифрландыру және автоматтандыру бөлімінің инженер-бағдарламашысы Арлан Керейбаев болды.

Ұсынылған жобалар қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу, ақылды қоқыс жәшіктері, экобақылау жүйелері, энергия тиімділігі мен жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, экологиялық білім беру және цифрлық шешімдер бағыттарын қамтыды.

Байқау қорытындысы бойынша І орынды «Ворлд дестройер» командасы иеленсе, ІІ орын «Стар» командасына, ІІІ орын «Квантум лип» командасына бұйырды. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

#SDG #ЦУР #ТДМ

AI Assistant