Журналистика кафедрасының «Журналистика» білім беру бағдарламасы бойынша ЖҚ311 және ЖҚ312 тобының өндірістік практика қорытындысына арналған конференция өтті. 2026 жылдың 12 қаңтары мен 21 ақпаны аралығында ұйымдастырылған практика өз мәресіне жетіп, білім алушылар атқарған жұмыстарын жоғары деңгейде қорғап шықты. Студенттер практика барысында өңірдегі жетекші бұқаралық ақпарат құралдары мен мәдени мекемелерде тәжірибе жинақтады. Атап айтқанда, олар «Жетісу» облыстық телеарнасы, «Жетісу» радиосы, «Алатау» қоғамдық-саяси газеті, Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры, «Вестник Жетісу», Жетісу облыстық халық шығармашылығы орталығы және «Жетісу Медиа» мекемелерінде өндірістік практикадан өтті. Мұнда студенттердің әрқайсысы кемінде бес материал әзірлеп, теле-радио және баспасөз бағытында нақты тәжірибе жинақтап, кәсіби маман ретінде өндіріске белсене араласты. Сондай-ақ бірқатар білім алушыларға тәжірибе өткен мекемелерден жұмысқа орналасу жөнінде ұсыныс хаттар түсті. Бұл жетістік – кафедра оқытушыларының біліктілігі мен студенттердің жауапкершілігі тұрғысындағы жоғары еңбектің айқын көрінісі деуге болады. Қорытынды конференцияға гуманитарлық факультет деканы Р. Желдібаева, оқу бөлімінің өкілі А. Қойшыманова бастаған бірқатар мамандар және кафедра оқытушылары қатысып, студенттердің жұмысына оң бағаларын берді. Жиын барысында өндірістік практиканың маңызы мен болашақ журналистерді даярлаудағы тәжірибелік дайындықтың рөлі ерекше атап өтілді.

