2026 жылдың 2 ақпанында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде Гуманитарлық пәндер мұғалімдерін даярлау бағыты бойынша жобалық топтың секциялық мәжілісі өтті. Тарих секциясы аясында «Тарихи білім және AI: мұғалімнің цифрлық-педагогикалық құзыреттілігін қалыптастыру» тақырыбында отырыс ұйымдастырылды. Бүгінде жасанды интеллект арқылы оқу үдерісін модельдеу білім беру жүйесінде қарқынды дамып, оқытудың тиімділігін арттыруға ықпал етіп келеді. ЖИ университет оқытушылары мен білімгерлерге жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр.
Тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушы-дәріскері, PhD Б.Т. Калиева «Ғылыми қызметтегі жасанды интеллект: академиялық еңбектер жазу тәсілдерінің трансформациясы» атты баяндамасында ЖИ технологиялары арқылы оқу үрдісін модельдеу тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында «Тарих» білім беру бағдарламаларының жүзеге асырылуы және оқу үдерісінде ЖИ қолдану тәжірибесі туралы кеңінен ақпарат берілді.



