«Тәрбие мен тәртіп: психологиялық тепе-теңдік» тақырыбында тағылымды кездесу өтті

Жетісу университетінің Педагогика және психология факультетінде «Заң мен тәртіп» жобасы аясында «Тәрбие мен тәртіп: психологиялық тепе-теңдік» тақырыбында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Тағылымды шараға танымал дінтанушы, психолог Қанат Маратұлы арнайы қонақ ретінде қатысып, студенттермен еркін форматта пікір алмасты.

Кездесудің ашылу рәсімінде факультет деканы Ерлан Хаймулданов бүгінгі қоғамдағы тәрбие мен тәртіптің маңыздылығына тоқталды. Ол жастар тәрбиесінде заңға құрмет пен ішкі мәдениетті қалыптастырудың өзектілігін атап өтті.

Жиын барысында Қанат Маратұлы тәрбие мәселесінің психологиялық қырларына жан-жақты тоқталып, тұлғаның ішкі тепе-теңдігін сақтау, эмоциялық тұрақтылық пен жауапкершілікті дамыту жолдары туралы ой қозғады. Сонымен қатар, ол жастар арасында құқықтық сана мен рухани құндылықтарды нығайтудың маңызына ерекше назар аударды.

Студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өмірлік тәжірибеге негізделген нақты жауаптар алды. Ашық форматта өткен басқосу жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, психологиялық сауаттылығын дамытуға және қоғам алдындағы жауапкершілігін терең түсінуге мүмкіндік берді.

Тағылымды шара студенттерге рухани серпіліс сыйлады. Мұндай мазмұнды шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

#SDG #ЦУР #ТДМ

AI Assistant