








15 наурыз еліміздің саяси өмірінде жаңа тарихи дата ретінде айрықша орын алды. Күні кеше Қазақстан халқы өз таңдауын жасап, жалпыхалықтық референдум арқылы жаңа Конституцияны қабылдады. Бұл күн – халықтың бірлігі мен ел болашағына деген жауапкершілігін айқындаған маңызды белес болды.
Референдум күні Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті ұжымы мен студенттері де тарихи күннің мән-маңызын ерекше сезініп, біркісідей дауыс беруге қатысты. Университет жастары ұлттық киімдерін киіп келіп, бұл күннің рухани әрі тарихи маңызын арттыра түсті. Ұлттық дәстүр мен азаматтық жауапкершіліктің үйлесім табуы көңіл қуантты.
Референдумнан кейін университет ректоры Ермек Бөрібаев ұжыммен арнайы кездесу өткізіп, жаңа Ата заңның қабылдануымен профессор-оқытушылар құрамын, қызметкерлер мен студенттерді құттықтады. Ол өз сөзінде референдумның ашық әрі әділ өткенін атап өтіп, әрбір азаматтың болашаққа деген сенімі мен елге деген патриоттық сезімі жоғары екенін айтты.
«Мемлекет басшысы Касым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты өз сөзінде: «Бұл – халықтың еркімен қабылданған тарихи шешім. Жаңа Конституция әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам болады», – деп атап өткен еді. Мемлкет басшысы айтқандай жаңа Конституция – еліміздің демократиялық дамуының маңызды кезеңі. Бұл құжат әр азаматтың құқығы мен еркіндігін қорғап, мемлекетіміздің тұрақты әрі әділетті дамуына негіз болады. Бүгінгі таңда халықтың бірлігі мен сенімі – еліміздің басты байлығы. Сондықтан бұл тарихи шешім Қазақстанның жарқын болашағына бағытталған маңызды қадам», – деді ректор.
Жетісу университетіндегі заң саласының ғалымдары жаңа қабылданған Конституция бойынша тұжырым жасап, мемлекетіміз Ата заңды қабылдай отырып маңызды шешім қабылдағанын атап өтті.
#SDG #ЦУР #ТДМ

