


















































Абай этно-ауылында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті ұжымы әз-Наурыз мерекесін ерекше сән-салтанатпен атап өтті. «Наурыз – жаңару мен бірлік мерекесі» атты думанды шара университет ұжымын, студенттер мен қала тұрғындарын бір арнаға тоғыстырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған тағылымды мерекеге айналды.
Жиында университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Ермек Бөрібаев барша қауымды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, Наурыз береке мен бірліктің бастауы екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл, Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева да елдің ынтымағы мен ырысы артуына тілектестік білдірді.
Қазақ халқының салт-дәстүрінен сыр шертетін сахналық көріністер қойылды. Әр көрініс арқылы ата-баба мұрасы жаңғырып, ұрпақ сабақтастығы айқын аңғарылды.
Сонымен қатар, алаңда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, жастар ептілігі мен күш-жігерін сынға салды. Бұл сайыстар мерекенің көркін қыздырып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Мерекелік шара аясында түрлі номинациялар бойынша үздіктер анықталып, жеңімпаздар марапатталды. «Үздік сахналық көрініс» және «Әдемі безендірілген қазақ үй» номинациялары бойынша І орын Құқық және экономика факультеті мен Педагогика және психология факультетіне бұйырды. ІІ орынды Дене шынықтыру және өнер факультеті иеленсе, ІІІ орын Жансүгіров колледжі мен Гуманитарлық факультетке табысталды.
Ұлттық киім үлгісін дәріптеу мақсатында өткен байқауда да үздіктер анықталды. Ерлер арасында «Үздік ұлттық нақыштағы киім» номинациясын Физика-математика факультетінің өкілі, ф-м.ғ.к., қауымдастырылған профессор Айтбай Рахымбеков жеңіп алды. Ал әйелдер арасында бұл атақ Педагогика ғылымдарының магистрі, деканның оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Әсел Исатаеваға бұйырды.
Сондай-ақ, қазақ күресінен өткен тартысты бәсекеде «Жетісу университетінің барысы» атағын Қыдырбай Еламан жеңіп алды.
Жеңімпаздарға кәсіподақ атынан ақшалай сыйлық табыс етілді.
Бұл жарыс мереке көркін қыздырып, ұлт спортының мәртебесін асқақтатты.
Ұлттық болмысты дәріптеп, халық бірлігін нығайтатын тағылымды шараға 700-ден аса қызметкер мен оқытушы қатысты.
#SDG #ЦУР #ТДМ

