AP23485959 «Қазақстандағы климаттық көші-қон: салдарын түсіну және бейімделу стратегияларын жақсарту»

ЖТН AP23485959 «Қазақстандағы климаттық көші-қон: салдарын түсіну және бейімделу стратегияларын жетілдіру» ғылыми жобасын іске асыру аясында 2026 жылғы 28–29 сәуірде «ҚАЗІРГІ ҚОҒАМНЫҢ ЖАҺАНДЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯЛАРЫ: КЛИМАТТЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР, КӨШІ-ҚОН ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫ ДАМУ СТРАТЕГИЯЛАРЫ» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Конференцияның мақсаты климаттық өзгерістер, көші-қон процестері, тұрақты даму және қоғамның қазіргі экологиялық сын-қатерлерге бейімделуі мәселелерін талқылауға арналған пәнаралық ғылыми алаң қалыптастыру болды. Конференция жұмысына қазақстандық және шетелдік ғалымдар, сарапшылар, оқытушылар мен жас зерттеушілер қатысты. Қатысушылар қатарында Цюрих университетінің, Лунд университетінің, GEO Knowledge Hub орталығының және Этвёш Лоранд университетінің, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің өкілдері болды. Конференция барысында климаттық көші-қон, көші-қон процестерін құқықтық реттеу, халықтың экологиялық осалдығы, гендерлік мобильділік, климаттық аймақтардың өзгеруі, сондай-ақ қазіргі қоғамның жаһандық трансформациялары жағдайындағы тұрақты даму стратегиялары мәселелері қарастырылды. Халықаралық конференцияны өткізу ғылыми идеялармен алмасуға, академиялық байланыстарды нығайтуға және климаттық көші-қон, тұрақты даму мен әлеуметтік бейімделу саласындағы жаңа зерттеу бастамаларын дамытуға ықпал етті.