ҒЫЛЫМИ ЖОБА АЯСЫНДА ДАЛАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ СУ СЫНАМАЛАРЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

 

2025 жылғы 27 қараша – 05 желтоқсан аралығында ЖТН АР26102759 «Қаратал өзені экожүйесінің флорасы мен фаунасының жекелеген көрсеткіштеріне және судың сапасына мұздықтардың физика-химиялық және биологиялық ластануының әсерін зерттеу» ғылыми жобасы аясында Жетісу облысы Ақсу ауданына экспедициялық іссапар ұйымдастырылды.

Экспедицияға жоба орындаушылары – жаратылыстану пәндері кафедрасының қауымдастырылған профессоры, аға ғылыми қызметкер Еркин Аипович Токпанов, жетекші ғылыми қызметкер Мырзабай Айтмұханович Джетимов және ғылыми қызметкер Қуаныш Марсбекович Токпаев қатысты.

Экспедиция барысында Жетісу Алатауындағы Қасқабұлақ, Қора және Шыжы өзендері, сондай-ақ Қаратал өзенінің орта ағысы бойында далалық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу нүктелерінде су көздерінің географиялық координаттары тіркеліп, су температурасы мен басқа да экологиялық көрсеткіштер анықталды.

Ғылыми зерттеулер үшін өзен суынан 22 сынама және өзен түбіндегі шөгінділерден 10 сынама алынды. Барлық сынамалар халықаралық талаптарға сәйкес таңбаланып, зертханалық талдауға дайындалды.

Экспедиция нәтижесінде жиналған материалдар Қаратал өзені бассейніндегі су сапасының физика-химиялық және биологиялық көрсеткіштерін бағалауға, сондай-ақ мұздықтардың ластануының өзен экожүйесіне әсерін анықтауға негіз болады.