AP25796127 «Стохастика бойынша пайымдау есептерін пайдалана отырып, математика мұғалімдерін даярлаудың әдістемелік жүйесін жетілдіру моделін әзірлеу»

Ғылыми жоба туралы

Жоба атауы: Стохастика бойынша пайымдау есептерін пайдалану арқылы математика мұғалімдерін даярлаудың әдістемелік жүйесін жетілдіру моделін әзірлеу.

Жобаның мақсаты: Жобаның мақсаты – пайымдауды дамытуға бағытталған стохастика есептерін пайдалану арқылы математика мұғалімдерін даярлаудың әдістемелік жүйесін жетілдіру моделін әзірлеу және енгізу. Бұл модель болашақ мұғалімдердің стохастиканы оқыту саласындағы кәсіби құзыреттілігін арттыруға, сондай-ақ олардың логикалық пайымдау, деректерді талдау және оларды интерпретациялау дағдыларын қалыптастыруға ықпал етуі тиіс.

Міндеттері: Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін жоба келесі міндеттерді шешуді көздейді:

  1. Стохастика тақырыптарын оқытудың қолданыстағы әдістемелеріне талдау жүргізу және оқыту барысында мұғалімдер кездесетін негізгі мәселелер мен қиындықтарды анықтау.
  2. Болашақ мұғалімдердің стохастика есептерін шешу кезінде логикалық пайымдау мен деректерді талдау дағдыларын дамытуға ықпал ететін әдістемелік жүйенің теориялық негіздерін әзірлеу.
  3. Пайымдау есептерін, мысалдарды және оларды білім беру үдерісінде қолдану жөніндегі ұсынымдарды қамтитын оқу-әдістемелік материалдар кешенін дайындау.
  4. Әзірленген әдістемелік жүйені математика мұғалімдерін даярлау оқу үдерісіне енгізу бойынша тәжірибелік зерттеу жүргізу, оның тиімділігін бағалау және қажетті түзетулер енгізу.
  5. Модельді педагогикалық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларында және математика мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстарында қолдануға арналған ұсынымдар дайындау.
  6. Жоба нәтижелерін жинақтау және мектеп курсында стохастика тақырыптарын тиімді оқытуға арналған есептерді, оларды қолдану сценарийлерін және әдістемелік ұсынымдарды қамтитын әдістемелік құрал дайындау.

Міндеттердің орындалу көрсеткіштері ретінде зерттеу нәтижелерінің толық әрі жүйелі баяндалуы және ғылыми журналдарда жарияланымдардың шығуы қарастырылады.

Жобаның идеясы: математика мұғалімдерін даярлаудың әдістемелік жүйесін жетілдіру моделін әзірлеу және апробациялау, ол оқу үдерісіне стохастика бойынша пайымдау есептерін кіріктіреді. Қолданыстағы тәсілдерде стохастика көбінесе қосымша тақырып ретінде қарастырылса, ұсынылып отырған тәсіл логикалық талдауды, ықтималдық тұрғысынан пайымдауды және деректерді сыни тұрғыдан бағалауды талап ететін есептерді енгізуге бағытталған. Осындай дағдыларды қалыптастыруға арналған әдістемені әзірлеу мектеп бағдарламасындағы стохастикаға деген дәстүрлі көзқарасты өзгертуге және мұғалімдердің математиканың осы маңызды бөлімін оқытуға дайындығын тереңдетуге мүмкіндік береді.

Күтілетін нәтижелер: «Стохастика бойынша пайымдау есептерін пайдалану арқылы математика мұғалімдерін даярлаудың әдістемелік жүйесін жетілдіру моделін әзірлеу» жобасы аясындағы зерттеу нәтижелері бойынша төмендегілер жоспарланады:

  1. Мұғалімдерді даярлаудың кешенді әдістемелік жүйесін құру: Болашақ математика мұғалімдерінің қажетті кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыру үшін стохастика бойынша пайымдау есептерін (оның ішінде ықтималдық, статистикалық және ойын есептерін) қамтитын құрылымдалған даярлау моделін әзірлеу.
  2. Оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу: Жүргізілген зерттеулер негізінде оқулықтар, жұмыс дәптерлері, есептер жинақтары және оқытушыларға арналған әдістемелік құралдар әзірлеу. Олар стохастика бойынша пайымдау есептерін құрастыру және шешу әдістемесін оқытуға бағытталады. Бұл материалдар педагогикалық жоғары оқу орындарында оқу курстары мен практикалық сабақтарды өткізуге негіз болады.
  3. Оқытушыларға арналған әдістемелік ұсынымдар: Білім беру үдерісінде стохастикалық есептерді тиімді пайдалану жөніндегі ұсынымдарды дайындау. Бұл мұғалімдерге оқушылардың дайындық деңгейі мен жеке ерекшеліктерін ескере отырып, пайымдау есептерін оқыту үдерісіне оңай кіріктіруге мүмкіндік береді.
  4. Модельді апробациялау және түзету: Педагогикалық жоғары оқу орындары мен білім беру орталықтарында пилоттық бағдарламалар өткізу және енгізілетін әдістемелік жүйенің тиімділігін талдау. Кері байланыс пен жиналған деректер негізінде модельдің нәтижелілігін арттыру үшін қажетті түзетулер енгізіледі.
  5. Қызметтегі математика мұғалімдеріне арналған біліктілікті арттыру бағдарламасы: Қолданыстағы мұғалімдерді стохастика бойынша пайымдау есептерімен жұмыс істеу дағдыларына үйретуге бағытталған біліктілікті арттыру бағдарламаларын әзірлеу және енгізу. Бұл олардың педагогикалық құралдар қорын кеңейтіп, стохастика бөлімдерін оқытудағы кәсіби құзыреттілігін арттырады.
  6. Жарияланымдар мен баяндамалар: Жоба нәтижелері ғылыми мақалалар, жарияланымдар, бейінді конференциялардағы баяндамалар және қорғау құжаты түрінде ұсынылады. Бұл жаңа білімді кәсіби қауымдастықпен бөлісуге, педагогикадағы инновациялық тәсілдерге назар аударуға және басқа зерттеушілермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Жоспарланады: Web of Science дерекқорының Arts and Humanities Citation Index немесе Social Sciences Citation Index базаларында индекстелетін немесе Scopus дерекқорындағы CiteScore көрсеткіші бойынша кемінде 35-процентильге ие ғылыми басылымда кемінде 2 (екі) мақала жариялау, 1 (бір) қорғау құжатын алу.
  7. Электрондық және интерактивті ресурстарды құру: «tvimsgt.edu.kz» электрондық білім беру порталын әзірлеу. Бұл әдістемелік материалдардың білім алушылар мен педагогтердің кең ауқымы үшін қолжетімділігін арттырып, оларды әртүрлі дайындық деңгейлеріне бейімдеуге мүмкіндік береді.
  8. Ұзақ мерзімді нәтижелерді бағалау: Әдістемелік жүйені түрлі білім беру ұйымдарына енгізу нәтижелерін тұрақты мониторингтеу және бағалау жүйесін қалыптастыру. Бұл мұғалімдерді даярлау сапасына және оқушылардың оқу жетістіктеріне ұзақ мерзімді ықпалын анықтауға мүмкіндік береді.

Жобаның қорытындысы ретінде математика пәнін оқыту сапасы артып, болашақ мұғалімдердің сыни ойлау, талдау дағдылары қалыптасады, бұл математикалық білім беруді жетілдіруге және оқушыларды өмірлік нақты міндеттерді шешуге даярлауға ықпал етеді.