10 шілде күні Қазақстанның көрнекті ғалымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, арнайы және инклюзивті білім беру саласының жетекші маманы, ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғалардың әлеуметтенуі мен интеграциясы мәселелерін зерттеуші Зульфия Ахметвалиевна Мовкебаеваның мерейтойы.
З.А. Мовкебаева Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беру жүйесінің қалыптасуы мен дамуының бастауында тұрған ғалымдардың бірі. Ол арнайы білім берудің ғылыми-әдіснамалық негіздерін қалыптастыруға, нормативтік-құқықтық базаны әзірлеуге, жоғары білікті мамандар даярлауға және білім беру жүйесіне заманауи инклюзивті тәжірибелерді енгізуге елеулі үлес қосты. Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарына арналған нклюзивті білім беру жөніндегі ресурстық-консультациялық орталық пен Инклюзивті білім берудің виртуалды зертханасын құру бастамашысы әрі жетекшісі болды.
Білім беру бағдарламаларының, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы, ғылыми жобалар мен бағдарламалардың жетекшісі болып табылады. 350-ден астам ғылыми еңбектері мен жарияланымдары жарық көрген. З.А. Мовкебаеваның ғылыми жетекшілігімен арнайы педагогика бағыты бойынша магистрлік және докторлық (PhD) диссертациялар табысты қорғалды.
Педагогика ғылымы мен жоғары білімнің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына және мемлекеттік наградалар иегері. Зульфия Ахметвалиевнаға зор денсаулық, бақ-береке, сарқылмас шабыт, ғылым жолындағы жаңа жетістіктер, бақыт және ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етуді тілейміз!

