Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарында өткен далалық зерттеулер
ЖТН AP26197965 «Посткеңестік Қазақстандағы этникалық репатрианттардың күнделікті өмірі: бейімделу стратегиялары мен интеграциялық тәжірибелері (Жетісу облысының мысалында)» ғылыми жобасын іске асыру шеңберінде 2026 жылғы 14–28 тамыз аралығында Жетісу облысының Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарында далалық зерттеулердің кезекті кезеңі жүргізілді. Эмпирикалық материалдарды жинауға жоба жетекшісі Н.К. Байгабатова, аға ғылыми қызметкер А.М. Абызова, ғылыми қызметкер Г.И. Ишкалова және кіші ғылыми қызметкер В.Т. Енсеева қатысты.
Зерттеу жұмысы аталған аудандарда тұратын Қытай мен Моңғолиядан оралған этникалық репатрианттардың күнделікті өмірін, бейімделу стратегиялары мен интеграция тәжірибелерін зерделеуге бағытталды. Далалық кезең барысында репатрианттар мен жергілікті тұрғындар арасында сұхбаттар мен сауалнамалар жүргізіліп, бақылау және бейресми әңгімелесу әдістері қолданылды, сондай-ақ мұрағаттық материалдармен жұмыс жүргізілді. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен кездесулер өткізіліп, репатрианттардың әлеуметтік жағдайы, жұмыспен қамтылуы, қоныстануы және интеграция мәселелері талқыланды.
Зерттеудің бастапқы нәтижелері жалпы алғанда жағымды әлеуметтік ахуалды көрсетеді. Зерттеуге қатысқан репатрианттардың басым бөлігі Қазақстандағы өміріне оң көзқарас білдіріп, жергілікті қауымдастықтарға жоғары деңгейде қатысуын көрсетеді.
Жиналған материалдар репатрианттардың бейімделуі мен интеграциясын одан әрі талдау, сондай-ақ жобаның ғылыми жарияланымдары мен есептік материалдарын дайындау үшін пайдаланылады.







