Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Мүмкіндігі шектеулі білім алушылардың кәсіби болашағы: қазіргі қоғамның сын-қатерлері және еңбек нарығының талаптары» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция жұмысына арнайы және инклюзивті білім беру саласының ғалымдары, педагогтер, білім беруді басқару мекемелерінің өкілдері, еңбекпен қамту саласының мамандары қатысты.

Жетісу университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Бөрібаев конференцияның маңыздылығына тоқталып, мүмкіндігі шектеулі білім алушылардың кәсіби әлеуетін ашу үшін білім беру мазмұны еңбек нарығының нақты талаптарымен ұштасуы қажеттігін атап өтті.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті директорының міндетін атқарушы Б. Төреқұлова инклюзивті және арнайы білім беруді дамытудағы қазіргі басымдықтарға тоқталды. Жетісу университетінің профессор-зерттеушісі, п.ғ.д., З.Мовкебаева еңбек нарығының трансформациясы жағдайында мүмкіндігі шектеулі балаларды кәсіптік-еңбекке оқытуға арналған оқу бағдарламаларын жаңғырту мәселелерін көтерді.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Абай атындағы ҚҰПУ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің, Жетісу университетінің ғалымдары да мүмкіндігі шектеулі білім алушылардың кәсіби даярлығына қатысты ғылыми-зерттеу нәтижелерін ортаға салды.

Конференция ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің BR24993150 «Мүмкіндігі шектеулі білім алушылардың бейіналды дайындығын психологиялық-педагогикалық қолдауды ұйымдастыру» тақырыбындағы бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру аясында ұйымдастырылды.

#SDG #ЦУР #ТДМ