Jas Galym 2027

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті «Jas galym-2027» жас ғалымдардың ғылыми және ғылыми-техникалық қызметінің нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын қаржыландыруға арналған университетішілік байқауын жариялайды.

Өтінімдер келесі басым бағыттар бойынша қабылданады:

1.Технологиялық егемендік және өнеркәсіптік бәсекеге қабілеттілік;

2.Денсаулық, адами даму және өмір сүру сапасы;

3.Ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс және аумақтар мен өмірлік маңызды инфрақұрылымның орнықтылығы;

4.Іргелі зерттеулер, ғылыми қор және ғылыми әлеует.

Байқауды өткізу кезеңдері:

1. Өтінімдерді қабылдау – 2026 жылғы 14 қазаннан – 31 қазанға дейін;

2. Сараптама комиссиясының алдында жобаларды қорғау/таныстыру – 2026 жылғы 02 қараша— 4 қараша;

3. Сараптама комиссиясының берілген өтінімдерді бағалауы – 2026 жылғы 6 қарашаға дейін;

4. Нәтижелерді жариялау және гранттарды тапсыру – 2026 жылғы 06-10 қараша, конкурс жеңімпаздарымен (бұдан әрі-грант алушылар) 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін шарттарды рәсімдеу;

5. Жобаларды іске асыру – 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін;

6. Сараптама комиссиясына орындалған ҒЗЖ нәтижелері туралы есептерді ұсыну – тоқсан сайын (30-шы күнге дейін, наурыз, маусым, қазан);

7. Сараптама комиссиясының орындалған ҒЗЖ нәтижелерін бағалауы және ҒЗЖ қабылдау актілерін рәсімдеуі – желтоқсан 2027 ж.

Конкурсқа қатысу ережелері мен талаптары:

  • Байқауға ұжымдық өтінімдер қабылданады.
  • Ұжымдық өтінім конкурсына берген кезде оны берген қатысушылар өз қатарынан ҒЗЖ басшысын айқындайды. Әрбір ұжымдық өтінімде бір ғана жоба жетекшісі бола алады.
  • Конкурстың әрбір қатысушысы тек бір өтінімге қатыса алады.
  • Зерттеу тобы, оның ішінде жоба жетекшісі  18–40 жас аралығындағы 3–5 қатысушыдан тұруы керек. Бұл талапты бұзған жағдайда сараптама комиссиясының алдында негізделуі тиіс. Ақпарат Грант туралы келісімде көрсетілген.
  • Бір жоба үшін сұратылатын қаржыландыру сомасы 2 млн. теңгеден аспауы тиіс.
  • Ұсынылатын жұмыстардың қорытынды нәтижесі дайын техникалық бұйымды (жұмыс прототипін), конкурс бағыттарына сай келетін өнеркәсіптік үлгіні не осы конкурста ұсынылған салаларды дамытудың қолданылатын стратегиясын әзірлеу болуы тиіс.

Өтінімді рәсімдеуге қойылатын талаптар:

1. Өтінімге қоса берілетін құжаттардың жалпы көлемі машинамен басылған мәтіннің 10 бетінен аспауы тиіс (қаріп – Times New Roman, кегль – 12, жоларалық интервал – бір, өрістер – барлық жағынан 2 см).

2. Өтінімдер электронды және баспа түрінде, университеттің Басқарма Төрағасы – Ректордың бұйрығымен белгіленген мерзімде Ғылыми жобалар және технологияларды коммерцияландыру кеңсесіне, сондай-ақ projects.zhu@gmail.com электрондық поштаға беріледі. Өтінімдер баспа түрінде қатысушылардың және ҒЗЖ жетекшісінің қолы қойылған жеке данада ұсынылады.

3.Осы Ережеде белгіленген талаптарды бұза отырып ресімделген немесе белгіленген мерзімнен кейін ұсынылған конкурс шарттарына сәйкес келмейтін өтінімдер қарауға қабылданбайды және конкурсқа қатыспайды. Конкурсқа жіберілген материалдар қайтарылмайды.

#SDG #ЦУР #ТДМ