2026 жылғы 19-22 наурыз аралығында Ғылым және коммерцияландыру департаментінің директоры, жоба жетекшісі Карашолакова Лаззат Наушабаевна Қытай Халық Республикасының Сиань қаласына қызметтік іссапармен барды.
Іссапардың негізгі мақсаты – халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу, заманауи ғылыми технологиялармен танысу және бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылау болды. Іссапар аясында Шэньси ғылым және технология университеті мен Шэньси ауылшаруашылық университетіне ресми сапар ұйымдастырылды.
Сапар барысында аталған жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен, зертханалық базасымен және ауыл шаруашылығы, биотехнология, генетика және геномика салаларында жүргізіліп жатқан ғылыми жобалармен танысу жүзеге асырылды. Сонымен қатар өсімдіктер биотехнологиясы мен генетикасы, селекция, молекулалық маркерлік технологиялар, геномдық талдау және заманауи фенотиптеу әдістері бойынша тәжірибе алмасу кездесулері өткізілді.
Шэньси ғылым және технология университетінің ғалымдарымен кездесу барысында өсімдік биотехнологиясы және молекулалық генетика бағыттарындағы ғылыми зерттеулер талқыланып, қолданылып жатқан зерттеу әдістері мен технологиялық шешімдер бойынша ақпарат алмасу жүргізілді. Университеттің ғылыми зертханаларына бару кезінде генетикалық талдау, биоинформатика және жоғары өнімді зерттеу жабдықтарының жұмысымен танысу мүмкіндігі болды.
Шэньси ауылшаруашылық университетінде ауыл шаруашылығы дақылдарының генетикалық ресурстарын зерттеу, селекциялық бағдарламаларды жетілдіру, геномдық селекция және заманауи агробиотехнологиялық тәсілдерді енгізу мәселелері қарастырылды. Қытайлық әріптестермен бидай және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын жетілдіруге бағытталған инновациялық технологиялар бойынша пікір алмасу өткізілді.





