18 қараша күні Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына арналған Тарих апталығы аясында «Жетістікке жетелеген жігер» атты негізгі сайыс кезеңі өтті.
Білімгерлердің тарихи білімін тереңдету, зерттеушілік қабілетін дамыту және ұлттық тұлғалардың мұрасын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған сайыс үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар «Білім сайысы» форматында тест тапсырмаларын орындап, тарих пәні бойынша білімдерін сарапқа салды. Екінші кезеңде өздері дайындаған жобаларын қорғап, зерттеу нәтижелерін таныстырды. Ал шешуші «Брейн-ринг» кезеңінде білімгерлер жылдам әрі нақты жауап беру, топпен жұмыс істеу және қисынды ойлау қабілеттерін көрсетті.






Сайысқа Тарих білім беру бағдарламасының білімгерлері белсенді қатысып, жоғары білім деңгейін, ерекше ой ұшқырлығын және шығармашылық ізденісін танытты. Тартысты өткен байқау қатысушыларға өзара тәжірибе алмасуға, тарихи танымын кеңейтуге және зерттеушілік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.
Мазмұнды іс-шара білімгерлердің тарих ғылымына деген қызығушылығын арттырып, Әлихан Бөкейханның өмірі мен ел тәуелсіздігі жолындағы ерен еңбегін тереңірек танып-білуіне ықпал етті.

