AP19680053 Гуманитарлық ғылымдар даму процесіндегі Ілияс Жансүгіров мұрасы: ХХІ ғасыр контексінде

ҒЫЛЫМИ БАҒДАРЛАМА ТУРАЛЫ:

  • Бағдарлама аты:

Гуманитарлық ғылымдар даму процесіндегі Ілияс Жансүгіров мұрасы: ХХІ ғасыр контексінде

  • Бағдарламаның мақсаты:

Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық мұрасын ономопоэтика, этнопоэтика, лингвопоэтика және дәстүрлі дүниетаным жайттарын саралау, тарихшылдық, фольклоршылдық, көсемсөздік қырларын өзара сабақтастықта пайымдау, жазушы шығармашылығындағы көркем этнографияның қолданысына байланысты ерекшеліктерді ғылыми тұрғыдан талдап, отандық және әлемдік пәнаралық зерттеулерде алатын орнын анықтау.

  • Міндеттері:
  1. Гуманитарлық ғылымдар саласындағы Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық мұрасын зерттеген ғалымдардың теориялық еңбектері арқылы осы бағыттың зерттелу жағдайын сараптау, зерттеу ұстанымдарын жаңа заман контексінде саралау.
  2. Ілияс Жансүгіровтің сан-салалы мұралары жайлы деректерді жинақтау, жүйелеу және талдау.
  3. Қазақтың алғашқы жоғары білімді журналисі Ілиястың публицистикалық, тарихи еңбектеріндегі ойларының көркем шығармаларында сабақтасуын талдап, таразылау, пәнаралық сипатын анықтау.
  4. Ілиястың жарияланбаған архивтік қолжазбаларын (№1368 жеке қор тізбесі) сала бойынша жүйелеп, ғылыми тұрғыда саралап, баспаға ұсыну.
  5. Ілиястың Жетісу тарихына қатысты еңбектеріндегі хронологиялық тарихи деректерді ғылыми тұрғыда зерттеп, Қазақстан тарихы ғылымын түбегейлі қалыптастырудағы үлесін анықтау.
  6. Журналистің қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау бағытындағы публицистикалық туындыларының саяси астар негізі, публицистік өзіндік көзқарасы, өзекті мәселелерді шешу жолындағы ой тұжырымдары мен айғақты пікірлерін аршып көрсету.
  7. Зерттеу айналымына түспеген «Қазақтың әдет-ғұрып, салт-санасы жөнінде айтылған өлеңдер мен әңгімелер», «Құдалық және құдандалық туралы ырымдар» атты этнографиялық жазбаларының танымдық мәнін этнопоэтикалық, лингвомәдени аспектіде талдап, ерекшеліктерін анықтау. Ілияс қолданысындағы этнографизмнің ұлттық — танымдық негіздері мен көркемдік қызметтерін талдау арқылы көркемдік қызметі мен поэтикалық ерекшеліктерін ашып-айқындау.
  8. І.Жансүгіров шығармаларындағы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, шаруашылығына, салт-дәстүрлеріне, әдет-ғұрыптарына қатысты этнографиялық лексиканы жинақтау және жүйелеу, оның мағыналық және сөздік тәрбиелік құрылымын зерттеу арқылы этнографиялық лексика номинациясының негізгі ерекшеліктерін анықтап, шығармашылығының этноментальдік негіздерін саралау.
  9. Ілияс жазбаларындағы сакральды атауларды жинақтау, атаулардың тарихи негізіне сараптама жасау, этнолингвистикалық сипатына түсініктеме беру, жариялауға дайындау.
  10. І.Жансүгіров мұрасы негізінде танымдық Web-сайт және электронды энциклопедия жасау: міндетті шешу көрсеткіштері: Web-сайт жасау бойынша техникалық тапсырма, сайтқа контент даярлау және толтыру.
  11. Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық мұрасының гуманитарлық ғылымдар сабақтастығындағы орнын анықтау, пәнаралық сабақтастықты зерттеп, зерделеу, жаңа тұжырымдар ұсыну, өзара байланыстағы бірнеше ғылыми міндетттерді жүзеге асыру.
  • Бағдарламаның  идеясы:
  1. І.Жансүгіров бірыңғай көркем шығармашылықпен ғана айналысқан ақын, жазушы, драматург, аудармашы, әдебиеттанушы ғана емес, ол — ауыз  әдебиеті мұраларын жинаушы, жариялаушы әрі зерттеуші фольклорист, қазақтың әдет-ғұрпына байланысты деректерді шығармашылығында молынан пайдаланған және этнографиялық жазбалар қалдырған этнограф, Жетісу өңірінің 1728-1916 жылдар аралығындағы тарихы жайлы деректер мен мәліметтер жинақтап, хатқа түсірген тарихшы, қазақтан шыққан ең алғашқы жоғары білімді журналист және мәдениеттанушы. Оның гуманитарлық ғылымдар саласындағы мұраларын пәнаралық зерттеу мәселесінің өз деңгейінде қарастырылмауы жобаның көкейкестілігін көрсетеді.

  • Күтілетін нәтижелер:

Web of Science базасының Social Science Citation Index немесе Arts and Humanities Citation Index индекстелетін немесе Scopus базасындағы  CiteScore бойынша  35 (отыз бес)  процентильге ие рецензияланатын ғылыми басылымда 1 (бір) мақала жариялау; ҒЖБССҚК ұсынған ғылыми басылымда 2 (екі) мақала жариялау;

— Қазақстандық баспаларда монография, оқулық, жинақ және сөздік жариялау жоспарланған;

— әлеуетті пайдаланушылар, ғалымдар қоғамдастықтары және қалың жұртшылық арасында жобаның ғылыми нәтижелерін (монографияны, оқулықты, жинақты және сөздікті) тарату жоспарланады;

— конкурстық құжаттаманың талаптарына және жобаның ерекшеліктеріне сәйкес  «І.Жансүгіров шығармаларындағы  этнографизмдердің танымдық сипаты» монографиясына, «Ілияс Жансүгіров шығармаларының ономастикалық сипаты»  монографиясына авторлық куәлік алу жоспарланады.