AP25793809 Бие сүтінің әртүрлі төмен температурадағы табиғи микробтық құрамының динамикалық өзгерістерін және оның физикалық-химиялық қасиеттерімен байланысын зерттеу

Ғылыми жоба туралы

  • Жобаның атауы: Бие сүтінің әртүрлі төмен температурадағы табиғи микробтық құрамының динамикалық өзгерістерін және оның физикалық-химиялық қасиеттерімен байланысын зерттеу.
  • Жобаның мақсаты: Заманауи метагеномдық талдау әдісінің көмегімен бие сүтінің төмен температурада (2°C, 4°C және 6°C) сақтау кезіндегі табиғи микробтық құрылым өзгерістерін зерттеу және осы өзгерістердің бие сүтінің физика-химиялық қасиеттеріне мен тағамдық қауіпсіздігіне әсерін бағалау.

 Міндеттері:

  1. Бие сүтінің микробтық қауымдастықтың құрамын талдау.
  2. Микроорганизмдердің төмен температураларда сақтау кезіндегі динамикалық өзгерістерін талдау.
  3. Физика-химиялық қасиеттерінің өзгерістерін бағалау.
  4. Бие сүтін төмен температураларда сақтау кезіндегі азық-түлік қауіпсіздігін бағалау.
  5. Бие сүтін төмен температурада сақтау шарттарын оңтайландыруға ұсыныс беру.
  • Жоба идеясы: Бұл жоба төменгі температурада сақтау кезінде бие сүтінің микробиомасындағы динамикалық өзгерістерді терең талдау және бұл өзгерістердің бие сүтінің физикалық және химиялық қасиеттеріне қалай әсер ететінін зерттеу үшін метагеномика технологиясын қолдануға бағытталған. Өйткені, метагеномикалық әдіс сүт құрамындағы барлық микроорганизмдердің әртүрлілігін толық сипаттай алатын бірегей технология. Біз шешуді жоспарлап отырған негізгі сұрақтарға мыналар жатады: төмен температурада сақтау бие сүтіндегі микроорганизмдердің әртүрлілігі мен тығыздығы (abundance) қалай өзгертеді, бұл өзгерістер бие сүтінің құрамына қалай әсер етеді. Сақтау шарттарын оңтайландырудың бие сүтінің сапасын сақтаудағы рөлі. Осы зерттеу арқылы біз сүт өнеркәсібінің тұрақты дамуына жаңа түсініктер бере отырып, бие сүтін өңдеу, сақтау және сапасын бақылаудың ғылыми негіздерін қалыптастыруға ықпал ете аламыз.
  • Күтілетін нәтижелер:
  1. Бие сүтінің әртүрлі температурада сақтау кезіндегі микробтық қауымдастық (бактериялар, саңырауқұлақтар, вирустар) құрылымы мен әртүрлілігі сипатталады.
  2. Бие сүтінің әртүрлі температурада сақтау кезіндегі физикалық және химиялық қасиеттерінің өзгеруі зерттеледі.
  3. Әртүрлі температурада сақтау кезінде негізгі микробтық популяцияларды және олардың рөлі мен метаболикалық функциялары анықталады.
  4. Микробтық қауымдастықтардағы өзгерістер мен физикалық және химиялық қасиеттердің өзгеруі арасындағы корреляциялық талдау жасалады.
  5. Бие сүтінің сапасы мен қауіпсіздігін сақтау үшін зерттеу нәтижелері бойынша оңтайлы сақтау температурасы мен уақыты ұсынылды.
  6. Зерттеу нәтижелері бойынша отандық және шетелдік рецензияланатын ғылыми журналдарда мақалалар жариялау, атап айтқанда:

-Web of Science дерекқорындағы импакт-фактор бойынша алғашқы үш квартильдегі немесе Scopus дерекқорында CiteScore бойынша кемінде 50 процентилі бар журналдарда кемінде 2 (екі) мақала жариялау.

— ҒЖБССҚК ұсынған отандық басылымдарда 1 (бір) зерттеу мақаласы немесе шолу жариялау.

 

  • Жоба туралы қысқаша ақпарат:

Бие сүтінің (саумал) құрамында жоғары сапалы ақуыздар, маңызды амин қышқылдары, дәрумендер мен минералдар болғандықтан, халық арасында денсаулыққа пайдалы өнім ретінде көп тұтынылады. Бие сүті құрамының бірегей ерекшелігі оның сақтау мерзімінің өте қысқа болуына әкеледі. Төмен температурада сақтау бие сүтінің сақтау мерзімін ұзартуда көп қолданылатын әдісі. Дегенмен, қазірге дейінгі зерттеулерде бие сүтінің табиғи микробтық құрылымының төмен температурада сақтау жағдайларындағы динамикалық өзгерістері мен оның физикалық және химиялық қасиеттерімен байланысы жеткілікті зерттелмеген.  Осы жоба аясында біз заманауи метагеномдық талдау әдістерінің көмегімен жаңа сауылған бие сүтінің төмен температурада (2°C, 4°C және 6°C) сақтау кезіндегі табиғи микробтық құрылым өзгерістерін және  оның бие сүтінің физика-химиялық қасиеттері мен тағамдық қауіпсіздігіне әсерін бағалаймыз.