AP26197965 Посткеңестік Қазақстандағы этникалық репатрианттардың күнделікті өмірі: бейімделу стратегиялары мен интеграциялық тәжірибелері (Жетісу облысының мысалында)

Жобаның мақсаты – Жетісу облысының тарихи-мәдени және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін ескеріп, қазақстандық қоғамның саяси-құқықтық, экономикалық, әлеуметтік-мәдени жүйелеріне ену мақсатында этникалық қазақ репатрианттардың пайдаланатын бейімделу стратегиялары мен практикаларын түсіну үшін, олардың микродеңгейдегі күнделікті өмірін, қажеттіліктерін, мүдделерін, өмір сүру жағдайларын пәнаралық кешенді зерттеу болып табылады.

Жобаның міндеттері:

  1. Бейімделу және интеграция құбылыстарын зерттеуде теориялық және әдіснамалық тәсілдерді зерделеу, әдебиеттерге шолу жасау, БАҚ пен әлеуметтік желілерге контент-талдау жүргізу. Міндеттің өлшемді көрсеткіштері: бейімделу мен интеграцияны зерттеуде теориялық тұжырымдамалар мен әдіснамалық тәсілдер зерделеніп, жүйеленеді, жоба тақырыбы бойынша әдебиеттерге шолу жасалады, этникалық репатрианттардың бейімделуі мен интеграциясы мәселелерінің қоғамдық дискурсы анықталады.
  2. Жетісу облысындағы репатрианттардың бейімделуі және интеграциясының құқықтық және институционалдық контексін талдау. Міндет азаматтық алу, мемлекеттік қызмет көрсетуге қол жеткізу, тұрғын үйге, еңбекке, білім алуға және т.б. мәселелерді қоса алғанда, бейімделу мен интеграцияның құқықтық аспектілерін зерттеуге бағытталған. Негізгі көрсеткіштерге сарапшылармен жасалған сұхбат саны, тиісті нормативтік құқықтық актілер мен құжаттарды талдау кіреді.
  3. Далалық этнографиялық зерттеулер негізінде репатрианттардың күнделікті өмірін зерттеу. Міндет Жетісу облысының аумағында кешенді экспедициялар өткізуді көздейді. Далалық жұмыстарға этнографиялық бақылаулар, әлеуметтанулық сауалнамалар, фокус-топтар, репатрианттармен, сарапшылармен сұхбаттар кіреді. Міндеттің өлшемді көрсеткіштері: жүргізілген сұхбаттардың, фокус-топтардың саны мен сапасы; қатысушыларды қамту; репатрианттардың күнделікті өмірі туралы жаңа эмпирикалық деректер базасын құру.
  4. Жетісудағы репатрианттардың экономикалық интеграциясының бейімделу стратегияларын зерттеу. Бұл міндет репатрианттың жергілікті еңбек нарығына күнделікті қосылу дәрежесін зерделеуге; олардың экономикалық интеграциясы мен еңбек нарығына кіруіне кедергілерді талдауға; қабылдаушы қоғамның экономикалық жүйесіне ендірудің стратегиялары мен интеграциялану тәжірибелерін таңдау ерекшеліктеріне бағытталатын болады. Осы міндеттің өлшемді көрсеткіштері: экономикалық интеграция стратегиялары анықталады, этникалық репатрианттардың еңбек, кәсіптік, коммерциялық дағдаларын асыру деңгейі, репатриант отбасыларының материалдық әл-ауқатының «кіре берістегі» және «қазіргі» деңгейі, жергілікті еңбек нарығында экономикалық өзара қатынас дағдыларын қалыптастыру ерекшеліктері айқындалады.
  5. Жетісудағы этникалық репатрианттарды бейімдеуде әлеуметтік-мәдени стратегияларының ерекшеліктерін анықтау. Бұл міндет репатрианттардың күнделікті өмірде қолданатын бейімделу стратегияларын қабылдаушы қоғамның әлеуметтік-мәдени жүйесіне қосу механизмі ретінде зерттеуді қамтиды. Осы міндеттің өлшемді көрсеткіштері: жергілікті тұрғындармен өзара оң қатынас стратегиялары айқындалатын болады; репатриациядан кейін әлеуметтік байланыстар мен коммуникация желілерін қалыптастыру ерекшеліктері айқындалады; әлеуметтік және мәдени нормаларды қабылдау деңгейі айқындалады, тілдік және психологиялық бейімделу проблемалары анықталады.
  6. Этникалық репатрианттарды интеграциялау тәжірибесі ретінде бейімделу стратегияларының тиімділігін бағалау. Бұл міндет Жетісу өңірінің тарихи-мәдени, әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып, репатрианттар қолданатын стратегиялардың тиімділігін зерттеуге бағытталатын болады. Осы міндеттің өлшемді көрсеткіштері: бейімделуге және стратегияларды таңдауға әсер ететін факторлар туралы деректер базасы құрылады; таңдалған стратегиялардың тиімділігіне бағалау жүргізіледі, бейімделудің неғұрлым табысты практикасы айқындалады, жергілікті атқарушы органдар мен көші-қон қызметтері үшін этникалық репатрианттармен жұмыс жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу үшін ғылыми-практикалық негіз қалыптастырылады.
  7. Зерттеу нәтижелерін апробациялау.

Жобаның идеясы

Бұл жоба репатрианттардың күнделікті өмірін қалай жүргізетіні және туындаған қиындықтармен қалай күресетіні туралы толық түсінік бере отырып, қазіргі олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған. Сонымен қатар, посткеңестік трансформациялық процесс жағдайында олардың өміріндегі өзгерістер динамикасы туралы түсінік алу мақсатында Тәуелсіз Қазақстан тарихының әртүрлі кезеңдерінде келген репатрианттардың бейімделу және интеграциялану тәжірибесіне салыстырмалы талдау жүргізілетін болады.

Күтілетін нәтижелер

Жобаны іске асыру қорытындысы бойынша келесі нәтижелерге қол жеткізіледі:

— Посткеңестік Қазақстандағы этникалық репатрианттардың бейімделу және интеграциялану процестерін зерттеу саласында жаңа әлеуметтік-гуманитарлық білім қалыптасады;

— Қазақстанның нақты жекелеген өңірінде азаматтықты алу, мемлекеттік қызмет көрсетуге қол жеткізу, тұрғын үйге, еңбекке, білім алуға, денсаулық сақтауға құқығы болу мәселелерін қоса алғанда, Жетісу облысындағы этникалық репатрианттарды бейімдеу мен интеграциялаудың құқықтық және институционалдық контекстері талданады;

— Жетісу облысындағы этникалық репатрианттардың күнделікті өмірі, экономикалық, құқықтық, әлеуметтік-мәдени бейімделу стратегиялары мен интеграция практикалары туралы жаңа эмпирикалық деректер базасы құрылады;

— этникалық репатрианттардың бейімделу процестерін қиындататын негізгі кедергілер мен сын-қатерлер, сондай-ақ қабылдаушы қоғамға кірігуіне ықпал ететін факторлар мен механизмдер анықталады;

— этникалық репатрианттар күнделікті өмірде қолданатын стратегиялардың тиімділігін бағалау және себебін нақтылау іске асырылады;

— Жетісу облысындағы репатрианттарды әлеуметтік, мәдени, экономикалық және құқықтық айналаға бейімдеудің неғұрлым табысты тәжірибелері айқындалады;

— Жетісу облысының жергілікті атқарушы органдары мен көші-қон қызметтері үшін этникалық репатрианттармен жұмыс жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу үшін ғылыми-практикалық негіз қалыптастырылады.

— жоба шеңберінде жарияланады:

1) Web of Science базасында импакт-фактор квартилі 1 (бірінші) және (немесе) 2 (екінші) кіретін, Social Science Citation Index-те индекстелетін және (немесе) CiteScore бойынша Scopus базасында 50-ден (елу) кем емес процентилі бар рецензияланатын ғылыми басылымдарда кемінде 2 (екі) мақала және (немесе) шолу;

2) ҒЖБССҚК ұсынған рецензияланатын шетелдік немесе отандық басылымда кемінде 4 (төрт) мақала немесе шолу;

3) ЖОО Ғылыми кеңесі ұсынған және қазақстандық баспада жарияланған кемінде 1 (бір) монография.

— әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласында 1 (бір) философия докторын (PhD) даярлау жүзеге асырылады.