Білімгерлердің пікірлері
Галымова Алима Жанатовна
Қос дипломды білім беру – заманауи білім беру үлгісі. Қазіргі таңда І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Польша Республикасында орналасқан Лингвистика-техникалық университетімен екі жақты келісімнің негізінде студент алмасып, қос бағдарламамен білім беруде. 2018-2020 оқу жылдары менде осы бағдарламамен Польша Республикасында білім алып келдім. Оқу процесінде жаңа пәндерді меңгерумен қатар, өзім үшін сабақ берудің қызықты әдіс-тәсілдерін үйрендім. Сондай-ақ, білім беруде практикалық дағдыларға көп көңіл бөлу қажет екенін түсіндім. Қазіргі таңда оқытушы қызметін атқара отырып, Польшадағы оқу процессінде көрген ұтымды әдіс-тәсілдерді өз сабағымда тиімді қолданудамын. Меніңше, шет елден білім алудың бірден бір пайдалы тұсы – осы. Польшадаға 3 ай уақытта поляктардың салт-дәстүрі, көзқарасы, өмір сүру дағдыларымен таныс болдым. Оған университетіміздің орналасқан жері септігін тигізді. Мен оқыған оқу орны кішігірм Пшасныш қаласында орналасқан. Бұл қалада тұрғылықты поляк халқымен жүздесіп, сөйлесіп, олардың өмір сүрі салтымен толық таныс болуға мүмкіндік бар. 3 ай уақытта бұл ұлттың өз тіліне, жеріне, салт-дәстүріне деген құрметі тамсандырды. Соның нәтижесінде, менде өз шәкірттерімнің бойына осы құндылықтарды теориялық біліммен қоса сіңіру қажет екенін түсіндім. Қорыта келе, қос дипломды бағдарлама арқылы теориялық білімімен қатар, практикалық, әдістемелік, рухани білімімді де жетілдірдім. Және де қос дипломды бағдарлама нәтижесінде ҚР магистр атағын және еуропалық үлгіде дайындалған қос диплом иегері атандым. Қос диплом менің жұмыспен қамтамасыз етілуіме септігін тигізді. Сол үшін де осындай мүмкіндік беріп, шет елден білім алуға жағдай жасаған І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне алғысымды білдіремін.
Алтай Айдын
Адам баласының саналы ғұмырында ұмтыларлық мәңгі бір игілік болса, оның-білім екені шүбәсіз. Білім-армандар мен ізгі тілектердің жүзеге асуына себепкер болатын тетік. Білім-адамның кең дүниеден өз орнын тауып, тұлға болып түзілуіне мүмкіндік беретін мехнатты жол. Білім-жас буынның жалынды шағында бақыт атты мекенге жетуіне жәрдемдесетін тылсым күш. Арман атты асыл межеге жетелейтін төте жол білім болғандықтан, қазіргінің бұрымдысы мен тұлымдысы жастайынан, ғылым құнарын бойына сіңіруге тырысады. Осылайша, арман қуған әр жас аударысы көп өмірге қаз-қаз басып енген сәтінен, білім ордасының табалдырығын аттайды. Бүгінгінің бұл салтын бұзбаған мен Жетісу университетіне оқуға түстім. Өзім қалаған мамандық бойынша білім алып, ұстаздарымның көмегімен, шет мемлекетте оқу бақытына кенелдім. Мен үшін осы жайт ең алдымен өз күшімді сынап, алған білімінді тереңдетуге таптырмас мүмкіндік болды. Осылайша, қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша 2019 жылы 1 академиялық семестр көлемінде, Польша Республикасы, Пшасныш қаласындағы Лингвистикалық-техникалық университетте білім алуды бастадым. Дәл қазіргі уақытта, оқуымды жалғастырып жатырмын. Осы тұста, жаңа жүйеге сай білімнен алған әсерім қандай? Еуропалық білімнің артықшылықтары бар ма?- деген сауал туындайды. Әлбетте, батыстық білім беру жүйесінің ерекшеліктері мен басымдықтары өте көп. Екінші мамандығымды игеру барысында өзім үшін жаңа құрылымның игіліктерін толық таныдым. Еуропалық жоғары оқу орындарының артықшылықтарына: оқудың қарапайымдылығы мен бірізділігі, шығармашылық дағдыларға негізделетіні, студентке бағдарланған жоспар арқылы жүзеге асатыны мен білімгердің өз мақсатына сай дағдыларды меңгеру мүмкіндігі бар екенін жатқызуға болады. Сонымен қатар, оқу барысында студент ғылыммен айналысып, білікті мамандармен тең дәрежеде қарым-қатынасқа түсе алады. Айта кетерлігі, біз білім алған оқу орынында бір сарынды дәрістер өтілмейді. Студент өзі мөлшерлеген уақыт аралығында белгілі бір пәнді меңгере алады. Ал, оқытушы әр тақырып мен мәселеге байланысты тың тәсілдерді ұстана отырып, білімгердің практикалық дағдыларын дамытуға күш салады. Аталған ерекшеліктерден бөлек, білімгер тіл меңгеріп, өзге елдің мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрі мен ғұрпын танып, біле алады. Бастысы, Еуропа елінде қосымша білім алу студенттің таным көкжиегін кеңейтеді. Әлемді шарлап, дүниені тануға мүмкіндік туғызады. Негізгі алып жатқан білімін шет ел университетінде тереңдету, білімгердің өз мамандығын толық, кәсіби игеруіне жағдай жасайды. Әрі, қос бірдей университетте оқу болашақ маманның жан-жақты шыңдалуна зор серпін береді. Жауапкершілікті сезіне отырып, көшбасшы болуға итермелейді. Осы себептен, қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша ілім алу келешек маманның өрлеуіне негіз қалыптастырады. Білімге құштар жастардың игілігі үшін жасалған екі университет арасындағы келісім болашаққа арналған үлкен салым. Қазақстандық және еуропалық жүйенің бар жақсылығын бойына сіңірген жас буын, ғылым көшінде таудай табыстарға жетіп, жасампаз өзгерістердің басында тұрары даусыз.