«ПАРАСАТ БИІГІ» АТТЫ РУХАНИ КЕЗДЕСУ ЕСЕБІ

Дәстүрлі түрде елімізде атап өтілетін еңбек күніне орай, Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің ұйымдастыруымен «Парасат биігі» атты рухани кездесу өтті. Шара мақсаты білім және ғылым саласына зор еңбек сіңірген ұстаздарға құрмет көрсетіп, аға буын мен кейінгі ұрпақ арасында сабақтастық орнату. Жиынға жоғары мектепте ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан ардагер оқытушылар мен белсенді білімгерлер қатысты.

 Кеш барысында Жетісу университетінің жартығасырлық шежіресін баян ететін арнайы бейнематериал көрсетілді. Артынша сөз алған құрметті қонақтар өздерінің өмір өткелдері жайлы ой бөлісіп, ыстық естеліктерін ортаға салды. Аға буын өкілдері әсіресе, еңбек пен табандылық, шыдам мен қайрат, білім мен өнер жайында мазмұнды әңгіме өрбітіп, жас буынға ерекше құнды кеңестерін айтты. Жиынға қатысқан білімгерлер болса, өздерін толғандырған түрлі сауалдарын қойып еркін сұхбат жағдайында пікір алмасты. Көңіл сөзін өлеңмен өрнектеп, күй күмбірімен арда ұстаздарға тағзым етті.

Шара соңында сөз алған Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Абызова Айна Маратқызы меймандарды мерекемен құттықтап, Басқарма Төрағасы-Ректордың алғыс хатттары мен естелік сыйлықтарды табыс етті.