«ҰСТАЗ – ҰЛЫ ЕСІМ»

Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің жетекшілігімен «Ұстаз – ұлы есім» атты салтанатты жиын өтті. Аталған шара оқытушылардың кәсіби мерекесін атап өту мақсатында ұйымдастырылды. Оған профессорлық-оқытушылар құрамы, білімгерлер және арнайы шақырылған меймандар қатысты. Кеш ұзақ уақыт бойы қызмет еткен ғалым-ұстаздарды еске алу мақсатында 1 минут үнсіздікпен басталды.

Алғаш болып сөз кезегін алған басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор, қауымдастырылған профессор Б.Р. Таубаев қонақтарды айтулы күнмен құттықтап, бірқатар оқытушыларға облыс әкімі орынбасарының алғыс хатын табыс етті.

Әуезді кештің басты бөлігінде жоғары мектеп білімгерлері ұстаздарға арналған концерттік бағдарлама қойды. Өлең жолдарын арнап, ән шырқады. Тербеле билеп, тартысты интеллектуалды ойын көрсетті. Арнайы даярланған бейнеролик ұсынып, өз алғыстарын ерекше жеткізе білді. Жиын соңында жоғары мектеп деканы, философия докторы (PhD), А.М. Абызова ақжарма тілеп айтып, мерейлі кешті түйіндеді.