Еліміздің рухани астанасы Түркістанға саяхат

26-28 сәуір аралығында 6В01509– «География»  және 6В01510 – «География — тарих»  студенттері оқытушыларымен бірге «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында  Түркістан қаласына географиялық және тарихи-өлкетану  саяхатын жасап қайтты. Студенттер ЮНЕСКО қорғауындағы археологиялық ескерткіш, Ұлы Жібек жолындағы Шәуілдір кентіндегі ашық аспан астындағы музей Отырар қалашығы; Арыстан Баб және Ахмет Яссауи кесенелері, қылует бөлмесі, көне монша кешені, бекініс қабырғасы, Жұма мешіті, Рабия Сұлтан Бегімнің кесенесі; Бәйдібек ауданында орналасқан Ақмешіт Әулие үңгірі, Домалақ Ана кесенесі, Тараз  қаласындағы 10-12 ғасырлардағы Айша Бибі және Бабаджи Хатун сәулет ескерткіштерінің нысандарын аралап, танысты.

Түркістан қаласындағы «Керуен сарайында» кешкі демалыс музыкалық лазер шоу «Қызжібек пен Төлеген», «Алтын Самұрық» медиакешенінде 8D форматындағы уақыт пен кеңістіктегі фантастикалық ұшу әсерлі қойылымдарын тамашалады.

Түркістанға саяхат тарихи ескерткіштер мен мұражайларды көруге, мың жылдан астам уақыт тұрған заттарға қол тигізуге, әрбір бірегей орынмен байланысты аңыздарды тыңдауға, рухани жаңғырып, уақытты пайдалы өткізуге мүмкіндік берді.