Конференция

І.Жансүгіровтің 130 жылдығына арналған «Жансүгіров тағылымы: Алашы ардақтаған ақын» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы

2024 жылдың 26 сәуірінде І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде І.Жансүгіровтің 130 жылдығына арналған «Жансүгіров тағылымы: Алашы ардақтаған ақын» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Конференция бағдарламасы І. Жансүгіров ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Конференция қатысушылары Ғ.Орманов атындағы кітапханасы, Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасы және І. Жансүгіров атындағы әдеби мұражайының ұйымдастыруымен І.Жансүгіровтың еңбектері бойынша кітап көрмелерінің жұмысымен, ақынның 130 жылдығына арналған көрмесімен танысты.

Конференция жұмысы 3 бағыт бойынша өтті:

1.Ілиястану және жаңа филологиялық парадигмалар
2.Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар тоғысындағы ілиястанудың өзекті мәселелері
3.І.Жансүгіровтың ағартушылық қызметі. Білім берудің заманауи трендтері

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Бурибаев Ермек Абильтаевич қатысушыларды құттықтап, жыл сайын университет заманауи қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, қазақ әдебиетінің классигі І. Жансүгіровтың құрметіне арналған ғылыми-практикалық конференциясын өткізетінін атап өтті. Ақынның немересі Жандосова Динара Санжарқызы құттықтау сөз сөйледі.

І. Жансүгіров мұрасын зерттеуге қосқан үлесі үшін төс белгісімен Жетісу облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі, республикада танымал ақын, ілиястанушы Ғабит Тұрсынбай, Талдықорған қаласының №15 орта мектебінің мұғалімі, ілиястанушы Шабденов Бірлікті Шәрімбайұлы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қазақ филологиясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, ілиястанушы Ислам Досбол, Ілияс Жансүгіров атындағы әдеби мұражайының тұңғыш директоры Байсова Феруза Мұқанқызы, Ілияс Жансүгіров атындағы әдеби мұражай меңгерушісі Жауынбаева Нұргүл Қызырбекқызы; Басқарма Төрағасы – Ректоры алғыс хатымен «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының лаборанты Бакинова Маржангуль Алимбековна отырысқа қатысып, марапатталды. Сондай-ақ, конференцияда «Ілияс Жансүгіровтің гуманитарлық ғылымдарды дамыту үдерісіндегі мұрасы: ХХІ ғасыр контекстінде» ҒЖБМ гранттық қаржыландыру жобасын орындау аясында әзірленген «Ілияс әлемі» оқу-танымдық сайтының және «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығы қызметкерлерінің зерттеу еңбектерінің тұсаукесер рәсімі өтті.

Конференция жұмысына еліміздің жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары мен университет ғалымдары қатысты. Конференцияның пленарлық отырысында Сыдықов Тұрсын Сыдықұлы (ҚР педагогика ғылымдары Академиясы), Касенов Ерлан Сламбекұлы (Абай атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Алматы қ.), Мадиев Сансызбай Шәрәпиұлы (әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Алматы қ.), және Имангазинов Муратбек МубыракхановичІ. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің филология ғылымдарының докторы, профессор «Ілиястану» ғылыми-зерттеу орталығының меңгерушісі сөз сөйледі. Ілияс Жансүгіровтың қызметі мен шығармашылығы, ілиястану туралы баяндамалар тыңдалып, талқыланды. Конференция жұмысы секциялық отырыстар аясында жалғасты. Қатысушыларға алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды.

Конференция қорытындысы бойынша І.Жансүгіровтің 130 жылдығына арналған «Жансүгіров тағылымы: Алашы ардақтаған ақын» республикалық ғылыми-практикалық конференциясының мақалалар жинағы жарияланады.