


Жетісу университетінің жас ғалымы АҚШ-тың озық университетінде зерттеу жүргізу тәжірибесін меңгеріп жатыр
Жетісу университетінің жас ғалымы, философия докторы (PhD) Райгүл Желдибаева Урбана-Шампейндегі Иллинойс университетінде Болашақ бағдарламасы шеңберіндегі «500 ғалым» жобасы аясында ғылыми тағылымдамадан өтуде.
Аталған университет әлемдік рейтингтерде жоғары орынға ие, соның ішінде QS World University Rankings-те 69-шы орында, және ғылыми-зерттеу саласындағы ең үздік 20 университеттің қатарына кіреді, бұл оның ғылым мен инновациядағы маңыздылығын көрсетеді.
Қазіргі уақытта ғалым халықаралық жобада шетелдік бақылаушы және бірлескен талдаушы ретінде жұмыс атқаруда. Зерттеу білімгерлердің жазу дағдыларын дамытатын жаңа білім беру құралының − CGscholar AI Helper тиімділігін бағалауға бағытталған.
Бұл жоба АҚШ Білім министрлігінің Білім беру ғылымдары институтының қаржыландыруына ие болды, аталған жобаны стипендиаттың менторы әйгілі профессор Мэри Калантзис пен Билл Коуптың жетекшілігімен жүзеге асырылады.
Алынған тәжірибе мен білімге сүйене отырып, постдокторлық зерттеу шеңберінде, ғалым 2025-2027 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру конкурсына қатысуға, университеттің өзге профессоры Лиам Магимен бірлесіп «Жасанды интеллект академиялық ағылшын тілін үйренуде көмекші ретінде: эксперименттік зерттеу» тақырыбы бойынша өтінім берді.
Бұл ғылыми тағылымдама жас ғалымның кәсіби өсуіне ықпал етіп қана қоймай, Қазақстанда білім беру мен зерттеудің жаңа әдістерін енгізуге жол ашады. Жас ғалым алған тәжірибесімен әріптестерімен бөлісуге және еліміздегі білім беру мен ғылыми зерттеу ортасын дамытуға дайын.
#SDG #ЦУР #ТДМ

