2025 жылдың 20-22 ақпаны аралығында Гуманитарлық факультеттің Шетел тілдері және аударма ісі кафедрасының 3-курс студенттері Талдықорған қаласындағы орта мектептерде, гимназиялар мен лицейлерде педагогикалық практикадан өтті. Бұл тәжірибе болашақ мамандар үшін үлкен мүмкіндікке айналып, олардың кәсіби шеберліктерін шыңдауға септігін тигізді.
27 ақпан күні аталмыш тәжірибенің қорытындысы бойынша ШТҚ 311, ШТҚ 312, ШТҚ 313, ИЯР 311 және ИЯР 221 топтарының студенттері қатысқан есептік конференция ұйымдастырылды. Іс-шара барысында студенттер мектеп қабырғасында алған әсерлерімен бөлісіп, өздері қолданған әдіс-тәсілдер туралы әңгімеледі. Олар әр сабақта оқушылардың белсенділігін арттыру үшін заманауи педагогикалық технологияларды қолдануға тырысқанын атап өтті.
Конференцияда студенттер тәжірибе барысында кездескен қиындықтар мен оларды қалай еңсергендері туралы да ой қозғады. Атап айтқанда, кейбір оқушылардың ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттыру, сыныптағы тәртіпті сақтау және оқыту процесін тиімді ұйымдастыру секілді мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, практикадан өту барысында тәлімгер мұғалімдердің көмегі мен қолдауының маңыздылығы ерекше аталып өтті.
Бұл педагогикалық практика студенттерге өз білімдерін тәжірибеде қолдануға, мұғалімдік қызметтің қыр-сырын түсінуге және кәсіби тұрғыда өсуге үлкен мүмкіндік берді. Болашақ мамандар үшін мұндай тәжірибенің маңызы зор екені сөзсіз, себебі олар алған білімдері мен дағдыларын болашақ жұмысында тиімді пайдалана алады.
Конференция қорытындысы бойынша студенттер өз тәжірибелерімен бөлісіп қана қоймай, болашақта оқу-әдістемелік тұрғыда қандай бағытта жұмыс істеу керектігі жөнінде құнды ұсыныстар алды. Бұл олардың кәсіби дамуына жаңа серпін беріп, білікті маман болуға деген ұмтылысын арттыра түсті.

