Мағрипа Жылқыбаеваның «Жамбылдың жұмбақ әлемі» еңбегі бойынша интеллектуалдық байқау
2025 жылдың 28 ақпанында Гуманитарлық факультеттің 1 курс білім алушылары арасында Мағрипа Жылқыбаеваның «Жамбылдың жұмбақ әлемі» еңбегі бойынша интеллектуалдық байқау өтті.
Мақсаты: Есік қорғанынан шыққан Алтын адамның күміс зереншедегі таңбаларын жан-жақты зерттеп, қазақ даласындағы петроглифтердің шифрын тауып қағазға түсірген, артына әлемдік деңгейдегі мол мұра қалдырған жаратылыстанушы ғалым, Жамбылдың құпия әлемін зерттеуші Мағрипа Жылқыбаеваның еңбектерін тану, насихаттау; 26 ақпан қазақтың ұлы ақыны, жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың туған күніне арналған білім додасы ақынның мол әдеби мұрасын тереңірек танып, шығармашылығын жаңаша қырынан ашу.
Білім және өнер додасында «Қазақ тілі мен әдебиеті, «Тарих», «Филология» және «Журналистика» білім беру бағдарламаларының студенттері бақ сынады.
Алғы сөзді спикер ф.ғ.д., профессор М.М.Иманғазинов бастап, Мағрипа Жылқыбаева мен Жамбыл Жабайұлының қазақ әдебиеті мен мәдіниетіндегі рөлін айқындады.
Қазылар алқасы құрамында Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің аға ғылыми қызметкері А.Құнанбаева, Гуманитарлық факультет деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.С. Доскелдина төрелік етті.
Байқау 3 кезең бойынша өткізілді:
І. «Жұмбақ әлем» бейнесұрақтарға жауап
Мақсаты: М.Жылқыбаеваның жамбылтану бойынша еңбектерін зерделеу,
өмірі мен ғылыми қызметіне қатысты білімдерін саралау
ІІ. Блиц тур
Мақсаты: қатысушылардың ойлау қабілетін, тақырыпты меңгеру деңгейін тексеру
ІІІ. «Жыр — шашу» шығармашылық кезең
Өту реті: Әр топ Жамбылдың бір өлеңін жатқа мәнерлеп оқиды.
Бағалау критерийлері:
- Дауыс ырғағы, мақамы
- Сахна мәдениеті, жүріс-тұрысы
- Ұлттық нақыштағы киім үлгісі
- Фондық әуен, презентация, саздық аспаптар қолдануы
Интеллектуалдық байқау қорытындысы бойынша, «Тарих» БББ — 3 орын, «Филология» БББ — 2 орын, «Журналистика» БББ — 1 орын және Бас жүлдені «Қазақ тілі мен әдебиеті» БББ иеленді.
Кванттық физика арқылы әлемде тұңғыш рет Есік қорғандағы Алтын адам мұрасы бойынша прото дәуірдегі алғашқы адамзат тілінің расшифровкасын жасаған жаратылыстанушы ғалым Сақ қорғандары мен Көк Түрік пирамидаларының құпиясын ашқан қазақтан шыққан тұңғыш оқымысты Мағрипа Шөжеғұлқызының жамбылтанудағы елеулі еңбегін жастарға меңгертудің танымдық-тағылымдық мәні зор.