ЖУ-да диплом табыстау рәсімі ерекше форматта өтті





Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының кең залы екі күн қатарынан көрерменге лық толы болды. Жүздері бал-бұл жанған түлектер мен ата-аналар, олардың ет жақындары шексіз қуанышқа бөленген шат-шадыман, салтанатты шара өз мәресіне жетті.
Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетін биыл 1044 түлек бітіріп үлкен өмірге жолдама алды. Ал 113 түлек үздік диплом иегері атанса, 360 білім алушы магистр академиялық дәрежесін алып отыр.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Манап Қобылан, Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков, Жетісу облысының Әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит Тұрсынбай, облыстық ТЖД бастығы Нұрлан Бекбосынов, Қазақстанның құрметті журналисі Әміре Әрін, Қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Абибеков, аудан әкімдері мен облыстық, қалалық білім бөлімінің басшылары қатысып, түлектерге сәт-сапар тіледі.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт сахна төріне шығып жаңа өмірге қадам басқан жас мамандарға ақ батасын берді.
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма төрағасы – ректор Ермек Бөрібаев түлектер мен олардың ата-аналарын, жақындарын айтулы күнмен құттықтап ізгі тілегін жеткізді.
«Білімді маман – ел болашағының тірегі, қоғам дамуының қозғаушы күші. Сондықтан бүгінгі жастарға артар үміт пен сенім мол. Қай салада еңбек етсеңіздер де кәсіби біліктілікпен қатар жауапкершілік, адалдық сияқты асыл қасиеттерден алыстамаңыздар. Алдағы өмір жолдарыңыз жарқын болсын! Құрметті ата-аналар мен оқытушылар, бүгінгі қуаныш – сіздердің де еңбектеріңіздің жемісі. Өздеріңізге алғыс білдіре отырып, зор денсаулық пен табыс тілеймін», — деді Ермек Бөрібаев.
Салтанат құрған сәтті күнде университеттің қоғамдық өміріне белсене араласқан түлектер де атаусыз қалмады. Өңірлеріне «Белсенді қоғамдық қызметі үшін» медалін тағып, Алғыс хаттармен марапатталды.
#SDG #ЦУР #ТДМ




