І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Bilim zhane Bolashak» IV халықаралық ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауының қорытындысы шығарылды

2026 жылғы 25 сәуірде І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде онлайн форматта «Bilim zhane Bolashak» IV халықаралық ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауының қорытындысы шығарылды. Іс-шараның ұйымдастырушылары – магистранттар мен докторанттарға арналған Eurasian Scientific and Methodological Journal “East-West” ғылыми-әдістемелік журналы және І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті. Байқаудың модераторы – EW ESMJ ғылыми редакторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Сауле Темірбаевна Исалиева.

Байқауға І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Astana International University, Astana IT University, С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Баишев университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, А. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті, «Шәкәрім» университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті, сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика-математика бағытындағы оқушылары мен Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы №86 мектеп-гимназия, Тараз қаласындағы №63 орта мектеп және С. Нұрмағамбетов атындағы №10 орта мектеп, Атырау облысы Махамбет ауданындағы Қ. Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің өкілдері қатысты. Сонымен қатар шетелдік қатысушылар – Солтүстік Кипрдегі Кипр халықаралық университеті, Әзербайжан сәулет-құрылыс университеті, Беларусьтегі Франциск Скорина атындағы Гомель мемлекеттік университеті, Өзбекстандағы Ренессанс университеті, Қырғызстандағы А. Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті және т.б. қатысты.

Қатысушылар үшін ғылыми мақалалар жазу, Web of Science және Scopus халықаралық деректер базаларымен жұмыс істеу, ҚР ҒЖБМ КОКСОН ғылыми басылымдары және басқа да тақырыптар бойынша оқыту вебинарлары өткізілді.

Барлық мақалалар үш кезеңді жасырын рецензиялаудан өтті. Шетелдік және қазақстандық жоғары оқу орындарының сарапшылары қатысушылар ұсынған зерттеу тақырыптарының өзектілігін, дайындық деңгейін және мақалалардың рәсімделу сапасын жоғары бағалады.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 1-курс магистранты Аббасова Зульфия II орын иеленіп, екінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Ғылыми жетекшісі – педагогика және психология факультеті деканының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Асылжан Омаровна Есимбекова.

Жыл сайын байқаудың географиясы кеңейіп, қатысушылар саны артып, ұсынылған жұмыстардың сапасы жақсарып келеді. Бұл ғылыми диалогты дамытуға, жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайтуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететін игі академиялық дәстүрге айналып отыр.

#SDG #ЦУР #ТДМ

AI Assistant