

2026 жылы 16 маусым – 1 шілде аралығында Словакиядағы Жилина университетінің Тау биологиясы институтының профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Marian Janiga «Биология» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранттарына «Protection and conservation of biodiversity» пәні бойынша дәріс өткізді.
Сабақ барысында магистранттар биоалуантүрлілікті сақтау мен қорғаудың заманауи ғылыми негіздерімен жан-жақты танысты. «Биоалуантүрліліктің адамзат үшін маңызы», «Биоалуантүрліліктің жойылуына әсер ететін факторлар» және «Биоалуантүрлілікті сақтау» тақырыптары кеңінен қарастырылды. Сонымен қатар экожүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету, сирек және жойылып бара жатқан түрлерді қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, сондай-ақ биоалуантүрлілікті сақтаудың халықаралық тәжірибесі мен экологиялық саясаттың өзекті бағыттары талқыланды.
Профессор Marian Janiga биоалуантүрлілікті сақтау қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау саласындағы маңызды стратегиялық міндеттердің бірі екенін атап өтті. Осы орайда өндірістік және шаруашылық қызметті жүзеге асыру кезінде табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, табиғи экожүйелердің тепе-теңдігін сақтау және тұрақты даму қағидаттарын ұстанудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
Практикалық сабақтар барысында магистранттар биоалуантүрлілікті бағалау мен қорғаудың заманауи тәсілдерін талдап, экологиялық мәселелерді шешудің тиімді жолдарын үйренді. Сондай-ақ қатысушылар шетелдік профессордың ғылыми-зерттеу тәжірибесімен танысып, халықаралық тәжірибе алмасу аясында өзекті ғылыми мәселелер бойынша пікір алмасып, кәсіби білімдері мен зерттеушілік құзыреттерін жетілдіруге мүмкіндік алды.
Мұндай халықаралық академиялық ынтымақтастық білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін дамытуға, ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
#SDG #ЦУР #ТДМ


