
































І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде 25 қазан – Республика күніне орай «Қазақстан – туған елім, ұлы өлкем!» атты мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты шарада Басқарма төрағасы – ректор Ермек Бөрібаев ұлттық мерекемен құттықтап, жоғары білім мен ғылымның дамуына үлес қосып жүрген университет қызметкерлеріне алғысын білдірді.
«Республика күні – еліміздің тәуелсіздік жолындағы тарихи таңдауын айқындайтын, ұлттық бірегейлігіміз бен мемлекетіміздің тұтастығын дәріптейтін маңызды мереке. Еліміздің болашағы білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ. Қазақстанның жарқын болашағы сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесінде қалыптасады. Баршаңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін», – деді Ермек Бөрібаев.
Жиында «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Амангелді Есбай да құттықтау сөз сөйлеп, Республика күнінің ел тарихындағы маңызына тоқталды.
Салтанатты шара барысында білім беру мен тәрбие жұмысының дамуына, университеттің өркендеуіне және қоғамдық жұмыстарға қосқан үлесі үшін бірқатар қызметкер марапатталды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасымен Жастар саясаты және әлеуметтік даму бөлімінің басшысы Бархудар Гусенов, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен Zhansugurov College директоры Бақытжан Ескендиров, «Ілияс Жансүгіров» төсбелгісімен Экономика және сервис кафедрасының меңгерушісі, PhD Жұпаргүл Абдыкалиева, жедел-пайдалану бөлімінің инженер-сметчигі Нургазы Тайжахметов марапатталды.
Сондай-ақ оқу орнының күнделікті қызметін қамтамасыз ету салаларында жемісті еңбек етіп жүрген қызметкерлерге университет ректорының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары берілді.
Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Патриоттық әндер мен әсем билер ұлттық мерекенің мазмұнын айшықтай түсті.
#SDG #ЦУР #ТДМ

