Заманауи көшбасшының жеті дағдысы практикалық воркшоп

Жетісу университетінің түлегі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Цифрландыру және инновациялар институты директорының орынбасары, PhD Саида Садуақасова «Заманауи көшбасшының жеті дағдысы» тақырыбында студенттерге арналған практикалық воркшоп өткізді.

Воркшоптың мақсаты – болашақ мамандардың көшбасшылық әлеуетін дамыту, сыни және аналитикалық ойлау, шешім қабылдау, тиімді коммуникация, командада жұмыс істеу және өзін-өзі басқару дағдыларын жетілдіру.

Интерактивті форматта ұйымдастырылған воркшоп барысында студенттер Mentimeter цифрлық платформасы арқылы көшбасшыға тән қасиеттерді анықтап, командалық жұмыста кездесетін кедергілерді талқылады.

«Адал азамат ауылы» практикалық кейсі аясында қатысушылар жеті мүдделі тараптың рөлін қабылдап, ауыл балаларының білімге қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесіне шешім әзірледі. Ассессмент-орталықтың топтық дискуссия әдісі арқылы деректерді талдау, қаржылық мүмкіндіктерді бағалау, баламалы шешімдерді салыстыру, келіссөз жүргізу және ортақ мүддеге негізделген шешім қабылдау дағдыларын тәжірибеде қолданды.

«Көшбасшылық дағдыларының теңгерім шеңбері» жаттығуы арқылы студенттер жеті негізгі құзырет бойынша өзін-өзі бағалап, жеке дамытуды қажет ететін бағыттарын айқындады.

«Бір дағды – жеті күн – нақты нәтиже» тапсырмасында SMART әдісін пайдаланып, таңдалған көшбасшылық дағдыны жетілдіруге бағытталған нақты әрі өлшенетін жеке даму жоспарын құрастырды.

Студенттер күрделі мәселелерді жан-жақты талдау, өз ұстанымын дәлелдеу, командалық келісімге келу және жауапкершілікті бөлісу бойынша тәжірибе жинақтады.

#АльмаМатер #Көшбасшылық #ЖетіДағды #Leadership #SMART #AssessmentCenter #БолашақКөшбасшылар #ПрактикалықВоркшоп #SDG #ЦУР #ТДМ