

















Жетісу университетінде АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығы өкілдерінің қатысуымен English Access Scholarship білім беру бағдарламасының ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараға АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығының қоғаммен байланыс жөніндегі Бас консул орынбасары Джефф Райденур, консулдықтың ағылшын тіліндегі бағдарламаларының үйлестірушісі Н. Жанабаева, KazTEA президенті, English Access Scholarship бағдарламасының іске асырушы серіктесі Т. Летяйкина, Fulbright English Teaching Assistant бағдарламасының қатысушысы А. Кабрера, университет басшылығы мен оқытушылары қатысты.
Жиында университет ректоры Ермек Бөрібаев халықаралық білім беру бағдарламалары білім алушылардың тілдік құзыреттілігін жетілдірумен қатар, олардың дүниетанымын кеңейтетінін атап өтті.
Бас консул орынбасары Джефф Райденур бағдарлама қатысушыларын құттықтап, ағылшын тілін меңгеру көптеген мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды құрал екенін жеткізді.
«Біз үшін жастардың сапалы білім алуына, жаңа дағдыларды меңгеруіне және өз қабілеттерін дамытуына қолдау көрсету өте маңызды. English Access Scholarship бағдарламасы – осы мақсатқа бағытталған игі бастамалардың бірі. Жетісу университеті және бағдарлама серіктестерімен бірлескен жұмыстың нәтижелі болатынына сенімдімін. Барлық қатысушыларға табыс тілеймін», – деді Джефф Райденур.
Шара барысында English Access Scholarship бағдарламасына жаңадан қабылданған 32 қатысушыға сертификат табысталды. Студенттер атынан Д. Мизамбек пен А. Асқарбек сөз сөйлеп, өздеріне берілген мүмкіндік үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Айта кетейік, English Access Scholarship – жастардың ағылшын тілін меңгеруіне және жеке әлеуетін дамытуына мүмкіндік беретін халықаралық білім беру бастамасы. Бағдарлама аясында қатысушылар тілдік біліммен қатар, қарым-қатынас жасау, көшбасшылық және командалық жұмыс дағдыларын жетілдіреді.

