Берік Битлеуов – 60 жаста: спортқа арналған өнегелі ғұмыр

Бүгін І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Спорт клубының төрағасы Берік Амантайұлы Битлеуовтің 60 жас мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мерейтойлық жиынға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, факультет декандары, әріптестері, арнайы шақырылған қонақтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Салтанатты шарада Басқарма төрағасы – ректор Ермек Бөрібаев мерейтой иесіне ізгі тілегін білдіріп, Берік Амантайұлының университеттің спорт саласын дамытуға, жастардың дене шынықтыру мен бұқаралық спортқа қызығушылығын арттыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Жиында ардагер ұстаздар, тарих ғылымдарының кандидаты Амангелді Катенов пен педагогика ғылымдарының кандидаты Дүйсен Ансабаев құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне мықты денсаулық, еңбегіне толағай табыс тіледі.

Сонымен қатар Талдықорған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жаннұр Әбішев, Жаратылыстану-техникалық факультетінің деканы, техника ғылымдарының докторы Ерлан Андасбаев және Дене шынықтыру және өнер факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ерлан Өтегенов мерейтой иесіне жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Қонақтар өз құттықтауларында Берік Амантайұлының кәсіби біліктілігін, ұйымдастырушылық қабілетін, адамгершілік қасиеттерін және спорт саласын дамыту жолындағы көпжылдық еңбегін ерекше атап өтті.

#SDG #ТДМ #ЦУР