XX ғасырдың екінші жартысындағы Батыс елдерінің саяси-экономикалық даму модельдері тақырыбындағы ашық сабақ

2026 жылдың 26 қарашада І. Жансүгіров атындағы Жетісу Университеті, Гуманитарлық факультет, Тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушы-дәріскері Қаратаева Динара Галимбаевна, Европа және Америка елдерінің жаңа және қазіргі заман тарихы пәні бойынша ТҚ411 тобына «XX ғасырдың екінші жартысындағы Батыс елдерінің саяси-экономикалық даму модельдері: неоконсерватизм және шведтік социализм моделі» тақырыбында  мазмұнды әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған ашық сабақ өткізілді.

Аталған сабақ ғылыми-танымдық бағытта құрылып, білім алушылардың тарихи-мәдени ой-өрісін кеңейтуге, ұлттық құндылықтарды терең түсінуге бағытталды. Сабақ барысында білім алушылар Ұлыбританиядағы Маргарет Тэтчер мен АҚШ-тағы Рональд Рейган тұсындағы неоконсервативтік реформалардың ерекшеліктерімен танысты. Атап айтқанда, жекешелендіру, нарықтық экономиканы дамыту, мемлекеттік реттеуді қысқарту және жеке кәсіпкерлікті қолдау бағыттары қарастырылды. Сонымен қатар Швецияның әлеуметтік-экономикалық даму моделі, әлеуметтік мемлекет қағидаттары, халықты әлеуметтік қорғау жүйесі, жұмыспен қамту саясаты және мемлекеттің экономикадағы рөлі талқыланды. Екі модельдің ұқсастықтары мен айырмашылықтарына салыстырмалы талдау жасалып, жан-жақты талқыланды.

Сабақта дереккөздермен жұмыс, талдау, салыстыру әдістері тиімді қолданылып, білім алушылардың сыни ойлау қабілеттерін дамытуға ерекше мән берілді. Нәтижесінде, ашық сабақ білім алушылардың тарихи-экономикалық ойлау, салыстыру, талдау, сыни тұрғыдан бағалау және қорытынды жасау дағдыларын дамытуға бағытталды. Сабақ барысында заманауи инновациялық әдіс-тәсілдер мен интерактивті тапсырмалар қолданылды. Сабақ соңында Батыс елдерінің саяси-экономикалық дамуында әртүрлі модельдердің өзіндік орны бар екені, неоконсерватизмнің нарықтық тетіктерді күшейтуге, ал шведтік модельдің әлеуметтік әл-ауқат пен экономикалық тиімділікті ұштастыруға бағытталғаны қорытындыланды.