Профессор Есенғали Смағұловтың 70 жас мерейтойына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті

Бүгін І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор Есенғали Жексенбайұлы Смағұловтың 70 жас мерейтойына орай «Цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріндегі математикалық білім беру» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Мерейтойлық жиында университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, әріптестері мен шәкірттері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ Ресей Федерациясының Горно-Алтайск қаласынан, Қырғызстаннан және еліміздің өзге де өңірлерінен келген ғалымдар мен қонақтар бас қосты.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің басқарма төрағасы – ректор Ермек Бөрібаев мерейтой иесінің білім мен ғылым саласына сіңірген еңбегіне жоғары баға беріп, жүрекжарды тілегін жеткізді. Ректор ғалымның иығына шапан жауып, мерейтой иесіне ерекше ықылас көрсетті.

Сонымен қатар Талдықорған қаласы әкімінің құттықтау хаты оқылып, Есенғали Жексенбайұлы «Талдықорған қаласына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
«Бұл марапат – Есенғали Жексенбайұлының көп жылғы еңбегіне, қоғамдық қызметіне және туған өңірдің өркендеуіне қосқан үлесіне берілген лайықты құрмет», – деді ректор.

Педагогика ғылымдарының кандидаты Айгүл Алдабергенова «Ұстаздық пен ғылымды ұштастырған ғұмыр» тақырыбында баяндама жасап, профессор Есенғали Смағұловтың өмір жолы, ғылымдағы ізденістері мен ұстаздық қызметіне тоқталды.

Халықаралық конференция барысында отандық және шетелдік ғалымдар математикалық білім берудің өзекті мәселелері, цифрландыру үдерісі және жасанды интеллектіні білім беру жүйесінде қолдану бағыттары бойынша ғылыми баяндамаларын ұсынды.

Ғылыми жиын профессор Есенғали Смағұловтың отандық білім мен ғылым саласындағы көпжылдық еңбегін ұлықтап қана қоймай, математикалық білім берудің болашағын айқындауға бағытталған маңызды халықаралық ғылыми алаңға айналды.

#SDG #ЦУР #ТДМ